
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі еліміздегі технологиялық кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұзақ мерзімді қолайлы жағдайлар жасау бағытында бірқатар жұмыстарды бастады.
Экономиканы цифрлық трансформациялау стратегиясын іске асыру аясында Astana Hub қатысушыларын қолдаудың 2028 жылдан кейінгі тетіктерін 2045 жылға дейін жоспарлау жұмыстары жүргізілуде.
Бастаманың мақсаты
Бұл бастама Қазақстанның өңірлік IT-хаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік беретін тұрақты әрі бәсекеге қабілетті бизнес-ортаны қалыптастыруға бағытталған. 2045 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму көзқарасы жасанды интеллект саласындағы жаһандық үрдістерді, экспорттық әлеуетті кеңейтуді және жоғары технологиялық инвестицияларды тарту қажеттілігін ескереді.
Қазіргі таңда Astana Hub экожүйесі тұрақты өсім көрсетуде: хабта 2 268 компания тіркелген, 35 мың жоғары білікті жұмыс орны құрылған, 910 млн АҚШ долларынан астам инвестиция тартылған, ал қазақстандық IT-шешімдердің экспорт көлемі 1,9 млрд АҚШ долларына жетті.
Astana Hub-ты дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясын қалыптастыру Қазақстанды технологиялық бизнес үшін әлемдегі ең тартымды юрисдикциялардың біріне айналдыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-informatization/press/news/details/1260640?lang=kk

Жауап қалдыру