
«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Ақмола облысының екі ауданында және Қосшы қаласында ауқымды экологиялық акциялар өтті. Табиғатты қорғау бастамасына жүздеген белсенді тұрғын қатысты. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Аршалы ауданында еріктілерге қолдау білдіріп, экологиялық жұмыстардың барысымен танысты.
Жаз мезгілінде су айдындарының жағалауы мыңдаған қазақстандықтардың сүйікті демалыс орнына айналады. Елордаға жақын орналасқан әрі туристер көп келетін Ақмола облысында бұл мәселе ерекше өзекті. Демалыстан кейін рұқсат етілмеген орындарда қоқыс үйінділері қалып жатады. Осыған байланысты Аршалы ауданындағы Астана су қоймасының жағалауында 150 ерікті тазалық жұмыстарын жүргізді.
Елорданы ауыз сумен қамтамасыз ететін негізгі су көзі болғандықтан, Астана су қоймасына санитарлық және қауіпсіздік талаптары күшейтілген. Су қоймасы маңында шомылуға және автокөлікпен кіруге тыйым салынған аумақтар бар. Соған қарамастан, кейбір демалушылар айналма жолдармен кіріп, от жағады. Бұл тек миллиондаған тұрғын тұтынатын суды ластап қана қоймай, өрт шығу қаупін де арттырады.
«Бізде аумақтарды тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі, әсіресе су айдындарында. Бірақ мәселе тек демалушылардан кейінгі қоқысты жинауда емес. “Таза Қазақстан” қағидаты әр адамның өзінен басталады. Ойымыз да, ісіміз де таза болуы керек. Табиғатты құрметтеп, аялау – баршамыздың міндетіміз.
Жаңартылған Конституцияда экология мәселелеріне, соның ішінде қоршаған ортаны қорғауға ерекше назар аударылған. Бұл қағидаттар Ата Заңда мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде бекітілген. Бүгінгі акцияға прокуратура өкілдері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері де қатысып, заң бұзушылықтарға қатысты тиісті шараларды сол жерде қабылдап жатыр. Заң бәріне ортақ», – деді Марат Ахметжанов.
Өңір басшысы сондай-ақ тыйым салатын белгілерді елемеген азаматтарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын, ал қоршаған ортаға елеулі зиян келтірілген жағдайда қылмыстық жауапкершілік те туындайтынын атап өтті.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, демалыс күндері Астана су қоймасына елорда тұрғындары көптеп келеді. Бұл ретте Жібек жолы ауылында бассейндері бар демалыс орындары, Жалтыркөл көлінде жабдықталған жағажайлар жұмыс істеп тұр. Енді су қоймасына бақылау күшейтіледі. Тұрақты патрульдеу үшін облыстық полиция департаменті мен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерінен арнайы топ құрылды.
Айта кетейік, еріктілер күшімен Астана су қоймасының жағалауынан 237 текше метр қоқыс шығарылды. Ал Целиноград ауданында және Қосшы қаласында тағы шамамен 500 текше метр қоқыс жиналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1260867?lang=ru

Жауап қалдыру