Теміртауда металлургтер марапатталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Теміртауда кәсіби мереке – Металлург күніне орай тау-кен металлургия саласының қызметкерлері мен ардагерлері салтанатты түрде марапатталды. Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өндірісте ұзақ жылдар еңбек етіп, отандық металлургияның дамуына елеулі үлес қосқан мамандарға ведомстволық наградаларды табыстады.

Qarmet компаниясының металлургтері «Еңбек ардагері» медалімен, І және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен, сондай-ақ Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Сала қызметкерлерін құттықтаған министр металлургияның Қазақстан экономикасындағы стратегиялық маңызы зор негізгі салалардың бірі болып қала беретінін атап өтті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өндірісті жаңғырту, бәсекеге қабілетті өнім көлемін ұлғайту және жаңа технологияларды енгізу бойынша нақты міндеттер жүктеді. Сонымен қатар саланың одан әрі дамуы білікті мамандарсыз мүмкін емес. Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіз, жоғары жауапкершіліктеріңіз бен мамандыққа адалдықтарыңыз – барлық жетістіктің берік негізі, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Бүгінде еліміздің металлургия саласында 200 мыңнан астам адам еңбек етеді. Саланың ел экономикасына қосатын үлесі 8 пайыздан асады.

Марапатталғандардың қатарында домна пештерінің көрікшілері, агломератшылар, машинистер, инженерлер, өндірістік учаске бригадирлері және басқа да түрлі мамандық иелері бар.

«Еңбек даңқы» төсбелгісі иегерлерінің бірі – құбыр электрмен дәнекерлеу цехының ауысым шебері Ардақ Сағадиев. Ол кәсіпорынға 18 жасында келіп, еңбек жолын тегістеуші болып бастаған. Кейін бригадир, одан соң технолог-оператор қызметіне ауысып, бүгінде ауысым шебері болып еңбек етеді.

— Бұл кәсіпорында 18 жасымнан бері жұмыс істеп келемін. Алғашында тегістеуші болдым, кейін бригадир қызметіне көтерілдім. Одан кейін технолог-оператор болып ауыстым. Осы жерге келгеннен бері өмірімді осы кәсіпорынмен байланыстырдым. Бұл – менің өмірімнің маңызды бөлігіне айналды. Бүгін алғаш рет марапат алып отырмын. Бұл – мен үшін үлкен құрмет әрі еңбегімнің бағаланғанының белгісі, – деді Ардақ Сағадиев.

Металлургтерді құттықтауға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов та қатысты. Ол Теміртаудың еліміздің басты металлургиялық орталығы мәртебесін сақтап отырғанын, ал саланың болашағы кәсіпорындарды жаңғырту және жас мамандарды даярлаумен тығыз байланысты екенін айтты.

— Теміртау – қазақстандық металлургияның айқын символы. Бүгінде кәсіпорында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, заманауи технологиялар енгізілуде, өндірістегі қауіпсіздік пен экологиялық талаптар күшейтілуде. Дегенмен саланың ең басты байлығы бұрынғысынша адамдар – кәсібіне адал, жауапкершілігі жоғары металлургтер. Дәл осы мамандар Қазақстандағы ең ірі өнеркәсіп кешендерінің бірінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп келеді. Отандық металлургияның берік іргетасын қалап, мол тәжірибесін кейінгі буынға аманаттаған ардагерлерге ерекше алғысымды білдіремін, – деді Ермек Алпысов.

Қазіргі таңда Qarmet компаниясы құны 3 миллиард АҚШ долларынан асатын ауқымды жаңғырту бағдарламасын іске асыруда. Бағдарлама өндірістік қуаттарды жаңартуды, өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыруды және экологиялық жобаларды жүзеге асыруды қамтиды. Металлургиялық комбинаттың домна пештері мен №1 табақ прокаттау цехының әдістемелік пештері газға көшіріліп, бұл атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Алдағы жылдары компания жыл сайынғы болат өндірісін 5 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Металлург күніне арналған мерекелік шаралар «Астана» алаңындағы концертпен жалғасты. Теміртау тұрғындары мен қала қонақтарының алдында M’Dee, Айқын, Jazzdauren, Мирас Жүгінісов, Yenlik, «Ирина Кайратовна» және «Винтаж» топтары өнер көрсетті. 

Концертке 65 мыңнан астам көрермен жиналып, кеш мерекелік отшашумен қорытындыланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1260323?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді