
Қарағандыда демалыс күндері өткен мерекелік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бақылауды күшейтті. Жоспарлы патрульдеу кезінде қаланың орталық көшелерінің бірінде үйлену тойының кортежі анықталды. «Күйеу жігіттің ағасы» деген жазулармен безендірілген бес автокөліктің жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, өзге жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қауіп төндірген. Тойдың өтіп жатқанына қарамастан, патрульдік полиция қызметкерлері заң талаптарына сәйкес жедел шара қабылдады. Қауіпті маневрлердің жолы кесіліп, құқық бұзушылық жасаған барлық бес автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды. Жүргізушілерге қатысты анықталған құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Қарағанды облысы Полиция департаменті заң талаптары барлық азамат үшін бірдей екенін еске салады. Ешқандай мерекелік шара немесе өзге де жағдай жол қозғалысы ережелерін елемеуге негіз бола алмайды. Жолдағы қауіпсіздік – әрбір жүргізушінің жауапкершілігі. Бір сәттік бейқамдық немесе жауапсыз әрекет адам өміріне қауіп төндіріп, орны толмас қайғылы жағдайларға себеп болуы мүмкін. Сондықтан полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, өзара сыйластық танытып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1260657?lang=ru

Жауап қалдыру