
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдегі энзоотиялық іс-шаралардың орындалу барысы қаралды. Жиында облыс әкімі ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аурулардың алдын алу жұмыстарын күшейту, залалсыздандыру шараларын сапалы әрі уақтылы жүргізу, сондай-ақ қаңғыбас жануарларды ұстау жұмыстарын жүйелеу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібековтің баяндауынша, биыл энзоотиялық іс-шараларды жүргізуге облыстық бюджеттен 553,7 млн теңге бөлініп, күзгі кезеңге қажетті ветеринариялық препараттар аудан-қалаларға толық жеткізілген.
Энзоотиялық іс-шараларға 1538 ветеринария қызметкері жұмылдырылып, арнайы қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Облыстағы эпизоотиялық ахуал тұрақты. Жоспарға сәйкес бүгінгі күнге дейін ірі қара малға 1 млн 89,3 мың доза, ал ұсақ малға 4 млн 866,9 мың доза аусылға қарсы вакцина егілді. Оның ішінде шекаралас аумақтардағы малдарға 75 200 доза SAT-1 типіне қарсы вакцина салынған.
Өңірде көктемгі залалсыздандыру жұмыстары толық аяқталып, күзгі кезең белгіленген мерзімнен бұрын басталды. Қазіргі таңда ірі қараны бүрку, ұсақ малды тоғыту және қора-жайларды залалсыздандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Жиында қаңғыбас жануарлар мәселесі де көтерілді. Облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне қаңғыбас жануарларды ұстау жұмыстарын күшейтіп, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы іс-шараларды тұрақты бақылауды тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1260857?lang=kk

Жауап қалдыру