17 жасында от басқан азаматтың өкініші

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қауіпсіздігі аралас мекемесінде әртүрлі қылмыс жасаған азаматтар жазасын өтеп жатыр. Солардың бірі – есірткі қылмысы үшін сотталған 19 жастағы сотталған. Ол бүгінде жасаған қателігіне өкініп, жастарды оңай табысқа қызықпауға шақырады. Сотталғанның айтуынша, қылмыс жасаған кезде ол небәрі 17 жаста болған. Қаржылық қиындыққа тап болған жасөспірім әлеуметтік желі арқылы жұмыс іздеп жүріп, Telegram желісіндегі курьерлік қызмет туралы хабарландыруға тап болған. Ұсынылған жұмыстың психотроптық заттарды заңсыз жасырып, таратумен байланысты екенін біле тұра, оңай ақша табу ниетімен ұсынысқа келісім берген. – Алғашқы күндері бірнеше сағаттың ішінде-ақ 15–20 мың теңге табатынмын. Әр “закладка” үшін 1000–1500 теңге алдым. Сол кезде бәрі оңай көрінді. Бірақ оның соңы полиция қызметкерлерінің қолына түсіп, сот үкімімен алты жылға бас бостандығымнан айырылумен аяқталды. Мен ата-анамның сенімін ақтамадым. Бүгінде сол қателігім үшін қатты өкінемін, – дейді ол. Қазіргі уақытта сотталған мекемеде ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларға белсенді қатысып, психологтың қабылдауынан өтеді. Оның сөзінше, түзеу мекемесіне келгеннен кейін ұзақ мерзімге сотталған азаматтарды көріп, өмірге деген көзқарасы өзгерген. – Бостандыққа шыққан соң жоғары білім алып, адал еңбек етіп, өмір сүргім келеді. Қарапайым еңбекпен де табыс табуға болатын еді. Мен тек оңай жолды таңдадым. Қиналмай келген ақшаның берекесі болмайды екен. Өзім сияқты жастарға айтарым – интернеттегі күмәнді жұмыс ұсыныстарына сенбеңіздер, оңай ақшаға қызықпаңыздар. Бір сәттік шешім бүкіл өмірлеріңізді өзгертіп жіберуі мүмкін, – дейді жазасын өтеуші. Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері азаматтарды, әсіресе жастарды, әлеуметтік желілерде ұсынылатын күмәнді жұмыс хабарландыруларына сақтықпен қарауға шақырады. Заңсыз әрекеттерге қатысу жеңіл табыс әкелгендей көрінгенімен, оның салдары адам тағдырына ауыр әсер етіп, бас бостандығынан айырылуға әкелуі мүмкін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duiskzl/press/news/details/1261524?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді