Абай облысы Полиция департаментінің бастығы Алакөл жағалауында жеке құрамның саптық байқауын өткізді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Абай облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Эльдар Данияров Алакөл жағалауында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылған қызметкерлердің саптық байқауын өткізді.

Жеке құрамға үндеу жасаған департамент басшысы қызметтік тәртіпті қатаң сақтау, заңдылық қағидаларын ұстану, сондай-ақ демалушыларға сыпайы әрі құрметпен қарау қажеттігіне ерекше назар аударды.

— Әрбір қызметкер өзінің іс-әрекеті арқылы азаматтардың жалпы полиция қызметіне баға беретінін есте ұстауы керек. Біздің міндетіміз – қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, кез келген жағдайда адамға көмек көрсетуге дайын болу. Алакөл жағалауына келетін әрбір адамның тыныш әрі қауіпсіз демалысы біздің қызметімізге байланысты, — деді Эльдар Данияров.

Саптық байқау барысында департамент бастығы есінен танып қалған жас жігіттің өмірін құтқарып қалған ЖҚАЖ аға инспекторы Асланбек Әбделдиновке Құрмет грамотасын табыстады.

Демалыс орындарының бірінің маңын патрульдеу кезінде арнайы бөлімше қызметкерлері жағдайы күрт нашарлаған жас жігітті байқайды. Оның тыныс алуы қиындап, өміріне қауіп төнген.

Асланбек Әбделдинов еш кідірместен алғашқы медициналық көмек көрсетті. Оның сауатты әрі батыл әрекеттерінің арқасында жас жігіт қайтадан тыныс ала бастады. Полицей оны қырындатып жатқызып, дәрігерлер келгенге дейін жағдайын бақылауда ұстады. Осы уақытта басқа қызметкерлер жедел жәрдем бригадасын қарсы алып, оқиға орнына ең қысқа жолмен жеткізді.

Жас жігіт медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Департамент бастығы ЖҚАЖ жауынгерінің бұл әрекеті батылдықтың, кәсібиліктің және халыққа адал қызмет етудің жарқын үлгісі екенін атап өтті.

— Нағыз полицей дәл осындай болуы керек: батыл, тәртіпті, құқық бұзушылықтың жолын кесуге қабілетті әрі қажет болған жағдайда адам өмірін сақтап қалуға дайын. Осындай игі істер азаматтардың полицияға деген сенімін нығайтады, — деді департамент басшысы.

 Курорттық маусым кезеңінде Абай облысының полиция қызметкерлері Алакөл жағалауында күшейтілген режимде қызмет атқарып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, демалушылардың қауіпсіздігін сақтау және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету жұмыстарын жүзеге асыруда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1261114?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді