
Астана қаласының Полиция департаментінде балалар жарақаттануының алдын алу және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өтті.
Іс-шараға Астана қаласы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері, Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, сондай-ақ аумақтық жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Кеңес барысында жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жазатайым оқиғалар мен кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері қаралды. Балалардың терезеден құлап кетуінің, су айдындарында қаза табуының, жол-көлік жарақаттарының, сондай-ақ балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өзге де тәуекелдердің алдын алуға ерекше назар аударылды.
Қатысушылар профилактикалық жұмысты күшейту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды арттыру және балалар қауіпсіздігі мәселелері бойынша халықты ақпараттандыру жөніндегі қосымша шараларды талқылады.
Кеңес қорытындысы бойынша жазғы кезеңде жазатайым оқиғалардың алдын алуға және балалар үшін қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған бірқатар ұйымдастырушылық және профилактикалық шаралар әзірленді. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау мемлекеттік органдар қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/balaqorgau-astana/press/news/details/1261454?lang=ru

Жауап қалдыру