
Астана әлеуметтік кәсіпкерлер саны бойынша Қазақстанда көшбасшылық орнын сақтап келеді. Бүгінде елімізде шамамен 1 780 әлеуметтік кәсіпкер тіркелсе, соның 270-і елордада жұмыс істейді. Бұл республика бойынша жалпы көрсеткіштің 15%-ы.
Әлеуметтік кәсіпкерлер әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарды жұмыспен қамтып, менталдық ерекшелігі бар балалар мен ересектерге оңалту қызметтерін көрсетеді, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған білім беру жобаларын жүзеге асырады.
Қалада әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бүгінгі таңда елордадағы 100-ден астам кәсіпкер мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланды. Олардың қатарында мемлекеттік гранттар, несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және «ASTANA» ӘКК арқылы жеңілдетілген шарттармен үй-жайлар беру бар.
Соның жарқын мысалы – әлеуметтік кәсіпкер Айнұр Нұрова. Ол еңбек жолын 2011 жылы логопед ретінде бастады. Балалармен жұмыс барысында көптеген отбасыларға кешенді қолдау қажет екенін байқады.
«Ата-аналар балаларымыз сөйлеп кетсе екен деп көмек сұрайтын. Сол кезде мәселенің әлдеқайда терең екенін түсініп, аутизмнің ерекшеліктерін зерттей бастадым, отбасыларды диагностикадан өтуге бағыттап, шынымен нәтиже беретін әдістерді іздедім», – дейді Айнұр.
Осылайша ол қолданбалы мінез-құлық талдауы (ABA) әдістемесімен танысты. 2016 жылдан бері Айнұр Нұрова бұл бағытты терең меңгеріп, халықаралық BCBA (Board Certified Behavior Analyst) сертификатын алды және кәсіби біліктілігін үздіксіз арттыруда.
Бүгінде ол өзінің орталығына жетекшілік етіп, балалардың әлеуетін ашуға, ал олардың отбасыларына қажетті қолдау мен ертеңгі күнге деген сенімділік сыйлауға атсалысып келеді.
Әлеуметтік кәсіпкерлік – кәсібилік пен жауапкершілікті, адамдарға көмектесуге деген шынайы ниетті ұштастыра отырып, адам тағдырын өзгертетін бизнес.
https://www.instagram.com/p/DbDT7SHgVaZ/
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1261348?lang=ru

Жауап қалдыру