КЕНТАУДА КЕНШІ АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Қазақстанда шілденің үшінші жексенбісі Металлургтер күні болып бекітілген. Бұл күн – өз кәсібіне адал, қиындықтан қаймықпайтын, өндірісте шыңдалған ұстамды жандарға құрмет көрсетілетін айрықша мереке.
Мереке қарсаңында қаладағы «Кенші аллеясында» Металлургтер күні аталып өтті.
Мерекелік іс-шара барысында қала әкімі Жандос Тасов, «Ащысайтүстіметалл» комбинатының еңбек ардагері, Кентау қаласының Құрметті азаматы Исахан Жұмабаев және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолшыбек Аққұлов кенші ардагерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, құрмет көрсетті.
«Бұл сала қызметі ауыр әрі құрметті, ал осы маман иелері батылдық, жанқиярлық және жоғары кәсіби біліктілікті меңгерген қасиет иесі ретінде бейнеленеді. Мамандыққа адалдық танытып, кәсіптің маңыздылығын түсіну, еліміздің болашағы үшін жауапкершілік – қай қаланың болмасын басты мұраты. Құрметті ардагерлер, өздеріңіздің кәсіби шеберліктеріңізге тән осы қасиеттерді жас ұрпақтың бойына әрқашан сіңіре білдіңіздер. Бүгінгі ұрпақтың атынан, қадірменді ағалар, Сіздердің алдарыңызда басымызды иеміз және сіздер салып берген сара жолмен қаламызды өркендете беретін боламыз», – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, сала ардагерлері мен еңбек адамдарына адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және өз ісіне деген жауапкершілігі үшін «Еңбек ардагері», «Еңбек даңқы», «Құрметті кенші», «Кенші даңқы» төсбелгілері табысталып, «Тау-Кен металлургия салалық кәсіптік одағы» «Қазақ КәсіподақМеталл» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасы және қала әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Шара соңында өмірден өткен кеншілердің есімдері жазылған ескерткіш алдына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kentau-kalasy/press/news/details/1261055?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді