
Тағамнан улану бүгінде біз үшін күнделікті кездесетін, аса мән берілмейтін жағдайға айналды. Ең жиі кездесетін улану түрі – тағамнан улану. Ол құрамында зиянды микроорганизмдер немесе олардың тіршілік әрекеті нәтижесінде түзілетін улы заттар бар тағам өнімдерін тұтынудан туындайды. Мұндай микроорганизмдер тағамға оның бастапқы ластануы (балықтардан немесе жануарлардан) нәтижесінде, сондай-ақ тағамды дайындау немесе сақтау кезінде түсуі мүмкін. Патогенді микроорганизмдерді таратушылардың қатарына тарақандар, шыбындар, егеуқұйрықтар мен тышқандар да жатады. Тағамнан улану өнеркәсіп кәсіпорындары мен вахталық әдіспен жұмыс істейтін кәсіпорындарда ерекше қауіпті, өйткені бір мезгілде кәсіпорынның көптеген қызметкерлері улануға ұшырауы мүмкін. Тағамнан уланудың алдын алу тағамды сақтау, дайындау және тұтыну кезінде қарапайым гигиеналық қағидаларды сақтауға байланысты.
Өнеркәсіп кәсіпорындарында уланудың алдын алу тағам өнімдерін дұрыс сақтауды көздейді. Тағамды үстел үстінде 2 сағаттан артық қалдыра отырып, сіз тағамнан улану қаупін арттырасыз. Осыған байланысты өнеркәсіп кәсіпорындарында санитариялық қағидаларға сәйкес тамақ ішуге арналған бөлме қол жууға және ыдыс жууға арналған раковинамен, сондай-ақ тоңазытқышпен жабдықталуы тиіс.
Тағамнан уланудың алдын алу бірнеше негізгі қағидаларды сақтаудан тұрады:
- Тамақ ішуге арналған бөлмелердің тазалығын сақтаңыз;
- Тамақтанар алдында, дәретханаға барғаннан кейін және қоғамдық орындарға барған соң қолыңызды жуыңыз;
- Шикі және дайын тағам өнімдерін бірге орналастырмаңыз және бірге сақтамаңыз;
- Тағам өнімдерін мұқият термиялық өңдеуден өткізіңіз;
- Микроорганизмдердің көбеюіне қолайлы температурада тағам өнімдерін қалдырмаңыз;
- Тек қана жаңа піскен тағам өнімдерін сатып алыңыз;
- Тағам өнімдерін кездейсоқ орындардан және белгісіз тұлғалардан сатып алмаңыз;
- Жарамдылық мерзімі аяқталуға жақын немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тағам өнімдерін пайдаланбаңыз;
- Көкөністерді, жемістерді және көк шөптерді тек мұқият жуғаннан кейін пайдаланыңыз;
- Кездейсоқ су көздерінен су ішпеңіз.
Әсіресе жаз мезгілінде тағамнан улану жағдайлары әдеттегіден әлдеқайда жиі кездеседі. Бұл, ең алдымен, ауа температурасының жоғары болуына және микроорганизмдердің өсіп-өнуіне қолайлы жағдайлардың қалыптасуына байланысты, ал тағам өнімдері олардың көбеюі үшін қолайлы орта болып табылады.
Жоғарыда көрсетілген талаптарды сақтау арқылы өзіңізді ықтимал келеңсіз жағдайлар мен аурулардан сақтай аласыз. Деніңіз сау болсын!
Вахталық кенттер мен өнеркәсіп кәсіпорындарына қызмет көрсететін қоғамдық тамақтану объектілерінде жұқпалы аурулар мен тағамнан уланудың алдын алу бойынша мынадай іс-шаралар жүргізілуі қажет:
- Азық-түлік шикізаты мен тағам өнімдерін ұйымға нормативтік және техникалық құжаттама талаптарына, сондай-ақ олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарға сәйкес, жарамды және таза ыдыста қабылдау. Тағам өнімдерін сақтау жағдайларын, жарамдылық мерзімдерін және тауарлық көршілік талаптарын сақтай отырып сақтау.
- Қоғамдық тамақтану объектісінде дайындалатын тағамдардың ассортименті қолданыстағы үй-жайлар құрамына, сондай-ақ өндірістік үй-жайларда орнатылған технологиялық және тоңазытқыш жабдықтардың мүмкіндіктеріне сәйкес болуы қажет. Тағамдарды, аспаздық және кондитерлік бұйымдарды дайындау технологиялық процестердің бірізділігі мен ағымдылығын қатаң сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс.
- Кәсіпорын жеткілікті көлемде технологиялық және тоңазытқыш жабдықтармен, құрал-саймандармен, ыдыстармен және ыдыс-аяқтармен жабдықталуы тиіс. Кесу мүкәммалы әрбір цехқа таңбаланып, бекітілуі қажет.
- Жұмысқа адамдарды тек жеке медициналық кітапшасы, кәсіби гигиеналық даярлығы және аттестаттауы болған жағдайда қабылдау. Қызметкерлердің жеке бас гигиенасы қағидаларын сақтауын қамтамасыз ету, ішек қызметінің бұзылу белгілері, сондай-ақ қолдарында іріңдеу, кесілген және күйген жерлері бар қызметкерлерді жұмысқа жібермеу.
- Қоғамдық тамақтану ұйымдарының барлық үй-жайларында ағымдағы жинауды (тұрақты түрде, уақтылы және қажеттілігіне қарай) жүргізу, айына кемінде 1 рет жалпы жинау және дезинфекциялау жұмыстарын орындау. Өндірістік цехтарда күн сайын жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып ылғалды жинау жүргізу. Дезинсекция және дератизация жұмыстарын тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізу.
- Меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда өндірістік бақылауды ұйымдастыру, келіп түсетін шикізаттың сапасы мен қауіпсіздігін, өнімді сақтау жағдайларын, дайындалуы мен өткізілуін бақылау, сондай-ақ тағам өнімдерінен сынама алып, зертханалық зерттеулер жүргізу.
Қоғамдық тамақтану кәсіпорындарында профилактикалық іс-шаралардың толық кешенін жүргізу өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысшылары арасында жаппай тағамнан улану жағдайларының алдын алуға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-karaganda/press/news/details/1261198?lang=ru

Жауап қалдыру