
Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру және агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін арттыруға, саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған заманауи агротехнологияларды енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Мемлекет басшысының тапсырмалары мен аграрлық секторды дамыту жөніндегі міндеттерге сәйкес, биыл дәндік жүгері егісінің көлемі 15 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мың гектарға артық. Егіс алқаптарының кеңеюі жоғары табысты өсімдік шаруашылығын дамытуға және мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру үшін берік жемшөп базасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Мал шаруашылығын сапалы әрі жоғары энергетикалық құндылығы бар жемшөппен қамтамасыз етпей дамыту мүмкін емес. Дәндік жүгері – ең тиімді мал азықтық дақылдардың бірі. Оны пайдалану мал азығы рационының энергетикалық құндылығын арттыруға, ірі қара малдың тәуліктік салмақ қосуын көбейтуге, сүт өнімділігін арттыруға және мал шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Сондықтан дәндік жүгері өндірісін дамыту облыстың агроөнеркәсіптік кешеніндегі стратегиялық бағыттардың бірі болып саналады.
Облыста озық халықаралық тәжірибені енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Уәлиханов ауданында Қытайдың Taihua Modern Agriculture Operation Management Co., Ltd. компаниясының инновациялық технологиясын қолдана отырып, дәндік жүгері өсіру жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Биыл аталған технология 200 гектар алқапқа енгізілді. Жобаның келесі кезеңінде Уәлиханов ауданындағы егіс көлемін 1 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Алынған нәтижелер облыстың жемшөп өндірісін дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуге және өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, бұл технологияны Солтүстік Қазақстан облысының өзге аудандарына кезең-кезеңімен енгізуге негіз болады.
Өсімдіктің вегетациялық кезеңінде жауын-шашын тапшылығы мен құрғақшылық белгілерінің байқалуына қарамастан, қолданылған жүгері будандары қолайсыз ауа райы жағдайларына жоғары төзімділік танытып, Солтүстік Қазақстан облысының табиғи-климаттық жағдайларына жақсы бейімделгенін көрсетті. Алдын ала бағалау бойынша күтілетін өнімділік гектарына 5 тоннаға дейін жетеді. Бұл тәуекелді егіншілік аймағы үшін жоғары көрсеткіш болып саналады. Алынған нәтижелер заманауи технологиялардың солтүстік өңір жағдайында да дәндік жүгеріні тиімді өсіруге мүмкіндік беретін жоғары әлеуетін дәлелдеп, жемшөп өндірісін одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Жұмыс кеңесі барысында компания директоры Янг Цинхай дәндік жүгері өсіру технологиясының ерекшеліктері, пилоттық жобаның аралық нәтижелері және оны іске асырудың келесі кезеңдері туралы баяндады. Солтүстік Қазақстан облысы үшін бұл жоба стратегиялық маңызға ие, өйткені өңірде алғаш рет солтүстік ендіктердің табиғи-климаттық жағдайларына бейімделген дәндік жүгеріні өсірудің заманауи халықаралық технологиясына өндірістік жағдайда кешенді сынақ жүргізілуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-agro/press/news/details/1260937?lang=ru

Жауап қалдыру