
Бүгін Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ауылдық округтердегі атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты сараланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жоламан Тұрлыбеков 2026 жылдың алғашқы алты айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы туралы баяндама жасады.
Баяндамашы аудан бойынша 2026 жылға 9 блокта 103 индикатордан тұратын жоспар бекітілгенін атап өтіп, әрбір көрсеткіштің орындалу деңгейіне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар салықтық түсімдердің орындалуы, өндірілген айыппұлдардың өндіріп алыну үлесін арттыру, жасөспірімдер арасындағы суицид фактілерінің үлес салмағын азайту, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, қоршаған ортаны қорғау, жер қатынастары саласында атқарылған жұмыстар мен азаматтардың өтініштеріне жүргізілген мониторинг нәтижелері баяндалды.
Мәселені қорытындылаған аудан әкімі Арман Романұлы қала және ауыл әкімдеріне, сондай-ақ жауапты бөлім басшыларына бекітілген барлық индикаторлардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қатаң бақылауға алып, әр көрсеткіш бойынша нәтижелі жұмыс жүргізуді тапсырды.
Содан соң Ұзын-ата ауылдық округінің әкімі Ғани Есімханов ауылдық округте атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде есеп берді.
Баяндама барысында ауылдық округте салық түсімдерінің орындалуы, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар, оның ішінде тік дренаж ұңғымаларын қалпына келтіру, су үнемдеу технологияларын енгізу, егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету бағытындағы шаралар, сондай-ақ абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары туралы жан-жақты мәлімет берілді.
Өз кезегінде аудан басшысы ауылдық округ әкіміне «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы жұмыстарды жандандыруды, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуын қамтамасыз етуді және ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бастамаларды жүйелі жүзеге асыруды тапсырды.
Мәжіліс барысында аудан әкімі жауапты сала басшыларынан өзге де маңызды мәселелер бойынша ақпарат алып, әрбір бағыттағы жұмыстың сапасын арттыру, тәртіп пен жауапкершілікті күшейту, тұрғындардың талап-тілегіне жедел ден қою және белгіленген жоспарлардың уақытылы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Ауданның тұрақты дамуы – әрбір саладағы нақты нәтиже мен жүйелі жұмыстың жемісі. Сондықтан әрбір көрсеткіштің орындалуы қатаң бақылауда болып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жалғасатын болады.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1262134?lang=ru

Жауап қалдыру