
Аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев кезекті жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдауға келген әрбір азаматтың мәселесі жан-жақты зерделеніп, заң аясында шешу жолдары қарастырылды. Көтерілген мәселелер бойынша жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.
Атап айтқанда, қабылдауда болған Бурибеков Алимжан ауыл шаруашылығы техникаларын мемлекеттік тіркеуге алу мәселесі бойынша өтініш білдірді. Азаматқа қажетті құжаттар тізімі мен мемлекеттік тіркеу тәртібі түсіндіріліп, техникаларды заң талаптарына сәйкес тіркеу бойынша тиісті түсіндірме берілді.
Есимова Айгүл «Болашақ» саябағындағы түнгі жарықтандыру шамдарын электр желісіне қосу мәселесін көтерді. Аталған мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тиісті жұмыстарды ұйымдастыру жөнінде тапсырма берілді.
Адаев Таңірберген жайылымдық жер мәселесі бойынша өтініш айтты. Азаматқа аудан аумағында бос жайылымдық жерлерге конкурс арқылы қол жеткізу тәртібі түсіндіріліп, заң талаптарына сәйкес қажетті ақпарат берілді.
Азаматтардың өтініштерін дер кезінде тыңдап, нақты шешім қабылдау – халық пен билік арасындағы сенімді нығайтудың маңызды тетігі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1262124?lang=ru

Жауап қалдыру