
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Бейнеконференция байланысы арқылы өткен жиынға Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде 2026–2027 жаңа оқу жылына дайындық барысы, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер, оның ішінде халықты вакцинациялау және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің орындалуы қаралды. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы мен «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы талқыланды.
Облыстық аппараттық мәжілістен кейін аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев аталған бағыттар бойынша Шардара ауданында атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, жауапты сала басшыларының есептерін тыңдады.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Ж. Мұсатаева жаңа оқу жылына дайындық барысы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, аудандағы үш білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар білім беру мекемелерінде ағымдағы жөндеу, мектеп ғимараттарын ақтау-сырлау, жылу беру маусымына дайындық, қатты отын қорын жеткізу, жылу жүйелерін жуып-шаю және қысымдау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Сондай-ақ мектептердің санитарлық жағдайы мен әжетхана мәселелері тұрақты бақылауда екені айтылды.
Аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Н. Молдаханов денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарға тоқталды. Оның мәліметінше, екпеден бас тартқан ата-аналармен тұрақты түрде түсіндіру кездесулері өткізіліп, вакцинацияның маңыздылығы жөнінде ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге медициналық сақтандыру жүйесіне тартылмаған азаматтарды сақтандыру және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н. Нұрсейітов «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын баяндады. Бағдарлама аясында өндірістік кооперативтер құру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың жеңілдетілген несиеге қол жеткізуіне мүмкіндік жасау, ауыл кәсіпкерлігін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы шаралар кезең-кезеңімен іске асырылып жатқанын жеткізді.
Аудан әкімінің кеңесшісі Б. Қалдарбек «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жыл басынан бері аудан көлемінде ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылып, тұрмыстық қалдықтар шығарылып, елді мекендерді көркейту және абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Тұрғындардың өтініштері ақпараттық платформа арқылы жедел қаралып, уақытылы орындалуда. Сонымен қатар тазалық талаптарын бұзған азаматтарға қатысты заң талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылып, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Шардара су қоймасы жағалауындағы демалыс орындарының санитарлық тазалығы мен қауіпсіздігі де тұрақты бақылауда.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды, денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерді жақсарту бойынша нақты шараларды күшейтуді, «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді және «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тазалық пен абаттандыру жұмыстарын жүйелі жалғастыруды тапсырды.
Аудан басшысы әрбір тапсырманың сапалы орындалуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және өңірдің көркеюіне тікелей ықпал ететінін атап өтті.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1262164?lang=ru

Жауап қалдыру