
Нейпьидо, 2026 жылғы 22 шілде – Қазақстан Республикасының Мьянма Одағы Республикасындағы қоса атқарушы Елшісі Марғұлан Баймұхан Мьянма Одағы Республикасының Президенті Мин Аун Хлайнға сенім грамоталарын тапсырды.
Сенім грамоталарын тапсыру рәсімі барысында Мьянма Президенті Қазақстан мен Мьянма арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту мен өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Қазақстан Елшісі Мьянма Президентіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен ізгі тілектерін жеткізіп, Қазақстанның екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Мьянма Президентін Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етті. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне және ағымдағы жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына ерекше назар аударылды. Бұл сайлау елдегі заң шығарушы биліктің жаңа моделінің жұмысын бастауын білдіреді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының басымдықтары таныстырылды.
Елші М.Баймұхан Мьянмамен саяси диалогты одан әрі нығайтуға бейілділігін растап, сауда-экономикалық, инвестициялық, агроөнеркәсіптік, көлік-логистика, ғарыш, цифрлық технологиялар және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті.
Қазақстан-Мьянма диалогын практикалық тұрғыдан толықтыру мақсатында Қазақстан Елшісі Янгонда Мьянманың жетекші іскерлік топтарының өкілдерінің қатысуымен Қазақстан–Мьянма дөңгелек үстелінің өткізілгені туралы хабарлады.
Қазақ дипломаты Мьянма жастарын Қазақстанның жоғары оқу орындарында, сондай-ақ Қазақстанда ашылған жетекші шетелдік университеттердің филиалдарында жоғары білім алуға шақырып, олардың жоғары дайындық деңгейін, халықаралық білім беру бағдарламаларын және әлемдік деңгейдегі дипломдар алуға кең мүмкіндіктерін атап өтті.
Нейпьидо қаласына сапары барысында Елші М.Баймұхан сондай-ақ Мьянма Одағы Республикасының Сыртқы істер министрі Тин Маун Свемен кездесу өткізді.
Кездесу барысында екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу өтіп, саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды дамыту перспективалары қарастырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1262130?lang=ru

Жауап қалдыру