
Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық мәселелері бойынша штаб отырысы өтті
2026 жылғы 22 шілдеде Жуалы ауданы әкімдігінің ғимаратында 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық мәселелері бойынша штаб отырысы өтті.
Жиынға Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Бекжан Кеңесбек, Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза, құқық қорғау органдарының, Құрылтай депутаттарының сайлауын даярлау мен өткізуге уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, штаб мүшелері және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес жауапты сала басшылары өз бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы есеп беріп, сайлау науқанын заң талаптарына сәйкес ұйымдастыруға дайындық барысын талқылады.
Штаб отырысында аудан әкімінің орынбасары сайлауға дайындық барысында жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының барысы туралы баяндама жасады. Баяндамада аудан тұрғындары арасында сайлау заңнамасының талаптарын түсіндіру, азаматтардың сайлау науқанына белсенді қатысуын қамтамасыз ету, ақпараттық кездесулер ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық жұмыстарды күшейту бағытында атқарылып жатқан іс-шараларға кеңінен тоқталды.
Аудан әкімі аппаратының басшысы сайлаушылар тізімін нақтылау жұмыстарының барысы, сайлау учаскелерінің дайындығы, учаскелерде жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстары, сондай-ақ сайлаушылардың өтініштері мен сайлаушылар тізіміне қатысты сұрақтарына жедел жауап беру мақсатында ұйымдастырылған Call-орталықтың жұмысы туралы жан-жақты ақпарат берді.
Сонымен қатар, сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығы мен сайлау күні олардың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан шаралар, ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары туралы баяндады. Атап айтқанда, сайлауға қатысты ақпараттық баннерлерді орналастыру, ресми интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде инфографикалық және түсіндірме материалдарды тұрақты жариялау, сондай-ақ аудио және бейнероликтерді әлеуметтік желілерде жариялау жұмыстары туралы айтты.
Сондай-ақ, сайлау учаскелеріндегі телефон байланысы мен интернет желісінің сапасы және жылдамдығы мәселесіне ерекше назар аударылып, олардың тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқаны, анықталған техникалық ақауларды жедел жою және байланыс сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылданғаны айтылды.
Бұдан бөлек, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, дауыс беру үшін сайлау учаскелерінде қолайлы жағдай жасау, оның ішінде дауыс беру күні инватакси қызметін ұйымдастыру және шалғай ауылдық округтердегі мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Өз кезегінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы сайлау науқанына дайындық барысы туралы баяндама жасап, сайлау процесін заң талаптарына сәйкес ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды.
Ал аудандық полиция бөлімінің басшысы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және шақыру қағаздарын тарату барысында туындауы мүмкін мәселелер бойынша сайлау комиссияларына қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов сайлау процесінің ашықтығын, заңдылығын және әділдігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлауды ақпараттық сүйемелдеуге арналған медиа-жоспарында айқындалған бағыттардың, атап айтқанда «Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы туралы», «Азаматтарды сайлаушылар тізімдеріне енгізу туралы», «Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі» модульдерінің тиісті әкімшілік аумақтарда сапалы орындалуына ерекше назар аударды.
Сонымен қатар, жауапты сала басшыларының баяндамаларында қамтылмаған өзекті мәселелерді көтеріп, оларды орындау бойынша заң талаптарына сәйкес нақты ұсынымдар мен түсіндірулер берді.
Жиын соңында Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза жауапты мекемелерге сайлауға дайындық жұмыстарын сапалы жүргізуді, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ жүктелген міндеттердің уақытылы әрі толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен бірге, штаб отырысында көтерілген барлық мәселелер мен берілген тапсырмаларды хаттамаға енгізіп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-zhualy/press/news/details/1262187?lang=ru

Жауап қалдыру