Вирусный гепатит: белгілері, таралу жолдары, алдын алу шаралары

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Вирусты гепатит – бауырдың вирустардың әсерінен қабынуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Бұл ауру әлем бойынша кең таралған және адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Бауыр – ағзадағы ең маңызды мүшелердің бірі. Ол ағзаны улы заттардан тазартады, ас қорытуға қатысады, дәрумендер мен қоректік заттарды сақтайды. Сондықтан бауырдың зақымдануы адамның жалпы денсаулығына кері әсер етеді. Вирусты гепатиттің бірнеше түрі бар: А, В, С, D және Е. Олардың әрқайсысының таралу жолдары мен ағзаға әсер ету ерекшеліктері әртүрлі болғанымен, барлығы бауырды зақымдайды.

Вирусты гепатиттің белгілері

Аурудың алғашқы белгілері көбіне тұмауға ұқсас болып келеді. Науқаста әлсіздік, тез шаршау, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі, жүрек айну және кейде құсу байқалады. Сонымен қатар оң жақ қабырға астында ауырсыну немесе жайсыздық сезімі пайда болуы мүмкін.
Ауру асқынған сайын тері мен көздің ағы сарғайып, зәрдің түсі қоюланып, нәжістің түсі ағарады. Кейбір адамдарда терінің қышынуы байқалады. Алайда барлық науқастарда сарғаю бола бермейді. Әсіресе В және С гепатиттері ұзақ уақыт ешқандай белгісіз өтіп, кейіннен созылмалы түрге айналуы мүмкін. Сондықтан профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп тұру өте маңызды.

Вирусты гепатиттің таралу жолдары

Гепатиттің әр түрінің таралу жолы әртүрлі. А және Е гепатиттері көбіне лас су, дұрыс жуылмаған жеміс-жидек пен көкөніс, сапасыз тағам және жеке бас гигиенасының сақталмауы арқылы жұғады. Сондықтан оларды көбінесе «лас қол ауруы» деп атайды.
Ал В, С және D гепатиттері қан және басқа биологиялық сұйықтықтар арқылы таралады. Бұл аурулар стерильденбеген медициналық құралдарды қолданғанда, ортақ ине пайдаланғанда, татуировка немесе пирсинг жасатқанда, қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде және ауру анадан балаға босану барысында жұғуы мүмкін. Донорлық қан қазіргі таңда міндетті түрде тексерілетіндіктен, бұл жолмен жұғу қаупі айтарлықтай азайған.

Алдын алу шаралары

Вирусты гепатиттің алдын алу – әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына байланысты. Ең алдымен жеке бас гигиенасын сақтау қажет. Қолды сабынмен жиі жуу, тек қайнатылған немесе таза су ішу, тағамды дұрыс дайындау және жеміс-жидектерді мұқият жуу А және Е гепатитінен қорғануға көмектеседі.
В және С гепатиттерінің алдын алу үшін тек стерильді медициналық құралдарды пайдалану, бір реттік шприцтерді қолдану, ортақ ине, ұстара немесе тіс щеткасын пайдаланбау маңызды. Сонымен қатар қауіпсіз жыныстық қатынасты сақтау да жұқтыру қаупін азайтады.
Ең тиімді алдын алу шараларының бірі – вакцинация. Қазіргі кезде А және В гепатиттеріне қарсы қауіпсіз әрі тиімді вакциналар бар. Вакцина адамның иммундық жүйесін күшейтіп, аурудың алдын алуға мүмкіндік береді. Әсіресе жаңа туған нәрестелерге В гепатитіне қарсы екпе ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес салынады.

Вирусты гепатит – кең таралған, бірақ алдын алуға болатын жұқпалы ауру. Аурудың белгілерін ерте байқап, дәрігерге уақытында қаралу оның асқынуының алдын алады. Жеке бас гигиенасын сақтау, вакцинациядан өту, стерильді құралдарды пайдалану және салауатты өмір салтын ұстану вирусты гепатиттің таралуын азайтып, қоғам денсаулығын сақтауға көмектеседі. Денсаулық – ең қымбат байлық, сондықтан әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, аурудың алдын алу шараларын ұстануы қажет.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-zhambyl/press/news/details/1261849?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді