
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов Алматы метрополитеніне барып, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарының ұйымдастырылуымен танысты.
Жұмыс сапары барысында департамент бастығы станциялардың бірінің инфрақұрылымын қарап, қолданыстағы қауіпсіздік шараларын, өткізу режимін ұйымдастыруды, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің метрополитен жұмысшыларымен өзара іс-қимылын бағалады. Ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Айдын Кабдулдинов профилактикалық жұмысты халықпен жүргізу мәселесіне де ерекше көңіл бөлді. Ол метро станцияларында орнатылған ақпараттық экрандарды кеңінен әрі тиімді пайдалануды, онда қылмыс пен құқық бұзушылықтың кең таралған түрлерінің алдын алуға бағытталған өзекті әлеуметтік бейнероликтерді көрсетуді тапсырды.
Атап айтқанда, интернет және телефон алаяқтығының алдын алу, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, азаматтардың цифрлық сауаттылығы мен киберқауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ қоғамда кез келген құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыру мәселелері сөз болды.
ПД бастығының пікірінше, күн сайын мыңдаған жолаушыны қамтитын ақпараттық жұмыс профилактика мен халықтың құқықтық мәдениетін арттырудың тиімді құралы екені сөзсіз.
— Метрополитен — Алматы тұрғындары мен қонақтарының күн сайын пайдаланатын қалалық инфрақұрылымның аса маңызды нысандарының бірі. Сондықтан жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздің басым міндеттеріміздің бірі болып қала береді.
Сонымен қатар профилактика заманауи, нақты бағытталған және халыққа барынша жақын болуы тиіс. Метро станцияларындағы ақпараттық экрандар — азаматтарға маңызды профилактикалық материалдарды жеткізудің тиімді алаңы.
Біз адамдарға интернет-алаяқтық схемалары, есірткінің заңсыз айналымына байланысты қауіптер, киберқауіпсіздік ережелері және заң талаптарын сақтау қажеттілігі туралы дер кезінде ескертуіміз керек. Осындай жүйелі профилактикалық жұмыс қоғамда “Заң мен тәртіп” қағидатын және кез келген құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыруға ықпал етеді, — деп атап өтті Айдын Кабдулдинов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1262376?lang=ru

Жауап қалдыру