Атом саласындағы әйелдер көшбасшылығы: Астанада халықаралық семинар-конференция өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

23 шілде күні Астанада Қазақстан мен Ресейдің атом саласындағы әйелдерінің семинар-конференциясы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің (ҚАЭС), «Росатом» мемлекеттік корпорациясының, «Қазақстанның ядролық қоғамы» қауымдастығының, Women in Nuclear Kazakhstan, «Росатом» әйелдер қауымдастығының және басқа да салалық ұйымдардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар, семинар-конференцияға басшылар, инженерлер, ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол әйелдер көшбасшылығын дамыту және дарынды мамандардың әлеуетін ашуға жағдай жасау атом саласының орнықты дамуының маңызды факторларының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, кәсіби диалог, тәжірибе алмасу, тәлімгерлікті дамыту және жастарды STEM бағыттарына тарту үшін тиімді алаң қалыптастырғаны үшін ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Семинар-конференцияның негізгі спикерлерінің бірі «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бас директорының персонал жөніндегі орынбасары Татьяна Терентьева болды. Ол өз сөзінде Қазақстан мен Ресейдің атом саласындағы ынтымақтастығының стратегиялық маңызын атап өтіп, атом электр станциясын салуды қоса алғанда, ауқымды жоғары технологиялық жобаларды іске асыру әйелдердің кәсіби тұрғыдан өзін-өзі дамытуына, жоғары білікті кадрлар даярлауға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.

Іскерлік бағдарлама аясында қатысушылар кадрлар даярлау және адами капиталды дамыту саласындағы үздік салалық тәжірибелермен бөлісті, әйелдер көшбасшылығын дамыту, тәлімгерлік және халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Семинар-конференцияның өткізілуі Қазақстан мен Ресейдің кәсіби қауымдастықтары арасындағы әріптестік байланыстарды нығайтудың кезекті қадамы болып, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыруға ықпал ететін болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atom-energiyasy/press/news/details/1262827?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді