
Вакциналар бізді өмір бойы және кез келген жаста, туылғаннан кейін, балалық, жасөспірім шақта және қартайғанға дейін қорғайды.
Қазіргі уақытта ата-аналар әртүрлі әлеуметтік желіден, интернеттен, теледидардан көптеген ақпаратқа тап болады. Ақпараттың көптігі, негізсіздігі, субъективтілігі тұрғындарды шатастырады. Шындығында, вакциналардың қаупі миллион вакцинацияға бір жағдай ретінде бағаланады, ал аурудың қаупі едәуір жағары – 1/20, сондай-ақ сырқаттанған миллион адамның 1-200 мыңы өлімге душар болады.
Вакциналар туралы ғылым бір орында тұрмайтынын есте ұстаған жөн. Бүгінгі таңда вакциналарды қажетсіз компоненттерден, балласт заттарынан тазарту өте жоғары деңгейге жетті. Көп компонентті препараттарды құрудың арқасында вакцинация саны айтарлықтай төмендеді.
Кейбір ата-аналар иммундау міндетті емес деп санайды. Мұндай қате түсінікте оларды вакцинацияның қарсыластары қолдайды, яғни вакцинацияның арқасында көптеген инфекциялардың сирек кездесетінін ұмытып кетеді.
Вакцинациялауға шақыру балалардың денсаулығының жай-күйін ескермей, оларды бас салып егуді білдірмейді. Вакцинацияға белгілі бір уақытша және тұрақты қарсы көрсетілімдер бар. Сондықтан вакциналарды қолдану жөніндегі нұсқаулықты, вакцинация ережелерін қатаң сақтау керек. Ата-аналар мен медицина қызметкерлерінің бірлескен күш-жігерімен ғана баланың инфекциялық аурудан аман-сау өсуіне қол жеткізуге болады.
Вакцинацияның күші неде? Неліктен вакцинацияланған бала үшін ауру қорқынышты емес? Жауап мынада: вакцинация ағзаны ауру қоздырғыштарының әсерінен қорғайтын барлық қорғаныс механизмдерін қамтиды, яғни адам ағзасы егілген ауруға қарсы иммунитетке ие болады.
Профилактикалық егулердің Ұлттық күнтізбесін сақтау түбегейлі маңызға ие. Вакциналарды белгіленген мерзімде енгізу иммундық қорғаныстың максималды тиімділігін қамтамасыз етеді. Вакцинация мерзімдерін бұзу немесе екпеден бас тарту инфекциялық аурулардың таралу және эпидемиологиялық жағдайдың күрделену қаупін арттырады. Жетісу облысында 2023-2024жж. қызылшаның 1300 жағдайы тіркелді. Қызылшаның тіркелуі әлі де жалғасып жатыр, былтырғы жылы 41, 2026 жылдың 6 айында қызылшаның 144 жағдайы тіркелді. Жас құрылымы мен иммундық мәртебесі бойынша сырқаттанушылықтың 66% (95) 5 жасқа дейінгі балаларға және қызылшамен ауырғандардың 85% (121) егілмеген балалар мен егу мәртебесі белгісіз адамдарға тиесілі.
Халықтың эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету және вакцинамен басқарылатын инфекциялардың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасында профилактикалық егулер Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес 21 инфекциялық ауруға қарсы тегін, тіркелген жері бойынша жүргізіледі.
Профилактикалық егулер жүргізілетін инфекциялармен сырқаттанушылық деңгейінің болмауы және төмендеуі иммундаудың тиімді, сенімді нәтижесі болып табылады. ДДҰ-ның бағалауы бойынша, иммундау жыл сайын дифтерия, сіреспе, көкжөтел және қызылшадан, сондай-ақ пневмококк пен гемофильді инфекциядан 2-3 миллион өлімнің алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа вакциналардың арқасында, қазіргі уақытта жасөспірімдерді адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинасымен өмірге қауіп төндіретін вирустың ең қауіпті онкогендік штаммдарынан қорғауға болады.
Вакцинациядан бас тарту арқылы біз өзімізді және балаларымызды денсаулық құқығынан айырамыз. Есіңізде болсын, вакцина жеке адамды ғана емес, айналасындағыларды да қорғайды. Егер көпшілік (халықтың 95%) егілсе, онда басқаларға (медициналық шектеу себебімен егілмегендерге) қорқудың қажеті жоқ –себебі ұжымдық иммунитет жұмыс істейді. Осылайша, ұлттың денсаулығы әр адамның таңдауына байланысты.
Сондықтан профилактикалық егулерді жүргізу үшін салмақты және ақылға қонымды шешім қабылдаңыз. Өзіңізді және жақындарыңызды негізсіз тәуекелге ұшыратпаңыз – қажетті профилактикалық егулерді уақтылы алыңыз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsek-zhetisu/press/news/details/1262748?lang=ru

Жауап қалдыру