
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев білім мен ғылымда үздік нәтиже көрсетіп, ауданның абыройын асқақтатқан дарынды оқушыларды арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Іс-шараға оқушылардың ата-аналары, ұстаздары мен мектеп директорлары қатысты. Аудан басшысы дарынды жастарды жетістіктерімен құттықтап, бүгінгі марапат – білімге деген құрметтің және жас ұрпаққа көрсетіліп отырған қолдаудың айқын көрінісі екенін атап өтті.
— Бүгін біз ауданымыздың ғана емес, облыстың мақтанышына айналған талантты жастарды құрметтеп отырмыз. Сіздердің жетістіктеріңіз – табандылық пен ізденістің жемісі. Бұл жеңістердің артында ата-ананың тәрбиесі мен ұстаздардың ерен еңбегі тұр. Алған білімдеріңізді ел игілігіне жұмсап, туған жеріміздің мерейін үстем ете беріңіздер. Біз талантты жастарды қолдау жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра береміз, – деді Жәнібек Ағыбаев.
Қабылдау барысында республикалық пән олимпиадасында биология пәнінен жоғары нәтиже көрсеткен №51 Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Наметжан Ақниет Мақсатқызы, республикалық «Ясауитану – 2026» байқауының жүлдегері №35 А.Оразбаева атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Нүрдилла Шұғыла Жандосқызы және Ұлттық бірыңғай тестілеуде 137 балл жинаған №5 жалпы білім беретін мектептің түлегі Өмірзаков Өмірхан Өмірқұлұлы аудан әкімінің қаржылай сертификаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, дарынды шәкірттердің табысқа жетуіне үлес қосқан жетекші педагогтері, сынып жетекшісі және ата-аналарына аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1262319?lang=ru

Жауап қалдыру