
Келес ауданында өндірісті дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі – өндірістік парк құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жоба аясында Абай ауылынан жалпы көлемі 7 гектар жер телімі айқындалып, мұнда кәсіпкерлердің қатысуымен бірнеше өндірістік нысан салынуда.
Қазіргі таңда өндірістік парк аумағында төрт кәсіпкерлік жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде ЖК «Керуен» тұрмыстық хош иісті сабын өндіретін цех ашу мақсатында дайын модульдік ғимараттарды орнату және әрлеу жұмыстарын атқаруда. Сонымен қатар кәсіпкер пластик бөтелкелерді қайта өңдейтін өндіріс орнын іске қосу үшін жаңа ғимараттың құрылысын жалғастыруда.
Ал «Келес Эко-Дез» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі медициналық қалдықтарды қайта өңдеу және сақтау қоймасын салуда. Бірінші ғимараттың құрылысы толық аяқталып, қасбетін әрлеу жұмыстары жүргізілсе, екінші ғимараттың қабырғасы көтеріліп, шатырын жабу кезеңіне өтті. Сондай-ақ «Келес-Дезинфекция» ЖШС дезинфекциялық құралдарды сақтауға арналған қойма құрылысын аяқтап, қазіргі таңда ғимараттың сыртқы әрлеу жұмыстарын жүргізуде.
Өндірістік парктің инженерлік инфрақұрылымы да кезең-кезеңімен қалыптасуда. Барлық өндіріс орындарына 800 метр жоғары кернеулі электр желісі тартылып, парк аумағына қуаттылығы 400 кВА трансформатор орнатылды. Сонымен қатар өндірістік паркке дейінгі 1 шақырым автожолдың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
Жобаның екінші кезеңі аясында Ақтөбе ауылдық округінің Ескіқорған елді мекенінде тағы алты өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Сонымен бірге Қошқарата ауылдық округінде кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен бес сэндвич-панельді өндірістік ғимарат тұрғызу көзделіп отыр. Қазіргі таңда аталған жобалар бойынша жер учаскелеріне мемлекеттік актілерді рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1262343?lang=ru

Жауап қалдыру