Өңірдің денсаулық сақтау саласындағы маңызды нысанның бірі облыс әкімінің бақылауында

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Облыс әкімі Болат Ақшолақов Атырау облыстық ауруханасын күрделі жөндеу жұмыстарының қалай жүріп жатқанын тексерді.

Өңір басшысына аурухананың 200 орындық жаңа корпусының құрылысы туралы баяндалды. Жоба 2024 жылы басталған. Бас мердігер – «ҚазЕуроҚұрылыс» ЖШС. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізілуде. Құрылыстың дайындық деңгейі – 50 пайыз. Бұған қоса, сыртқы инженерлік желілерге қатысты жобалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Жобаны іске асыру мерзімінің ұзаруына бастапқы жобалық-сметалық құжаттаманың қайта қаралуы себеп болған. Құжаттаманы зерделеу барысында инженерлік шешімдерге, желдету жүйесіне, оттегімен қамтамасыз ететін орталықтандырылған жүйеге, сондай-ақ қазіргі заманғы медициналық мекемелерге қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін бірқатар функционалдық бөлмеге қатысты ескерту берілген.

Облыс әкімі жобаны әрі қарай уақтылы іске асыру үшін дер кезінде тиісті шешім қабылдауды тапсырды.

– Басталған құрылыс қалай болғанда да аяқталуы тиіс. Бұл – өңірдегі денсаулық сақтау саласы үшін аса маңызды нысанның бірі. Жұмыс ұзаққа созылып, тұрғындар соның кесірінен медициналық көмекті әр жерден алуға мәжбүр. Жобалық шешімдер заманауи талаптарға толық сәйкес болуы қажет. Қажет болған жағдайда құрылыс жұмыстарының түрлерін қайта қарап, анықталған кемшіліктің барлығын ескеріп, жобалық-сметалық құжаттаманы мейлінше тезірек түзетіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу қажет. Жұмысты бұдан әрі созуға болмайды, – деді Болат Ақшолақов.

Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым мәселелері де талқыланды. Өңір басшысы нысанның негізгі инженерлік жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін резервтік қуат көздерін қарастыруды тапсырды.

Айта кетейік, Атырау облыстық ауруханасы 1967, 1998 және 2002 жылдары салынған үш ғимараттан тұрады. Күрделі жөндеу жұмыстары медициналық қызмет көрсетуді тоқтатпай, кезең-кезеңімен жүргізілуде. Аурухананың бірқатар бөлімшесі уақытша Сарыөзек ауылындағы модульдік инфекциялық ауруханаға көшірілген. Ал негізгі ғимаратта инсульт орталығы, травматология, нейрохирургия, хирургия бөлімдері мен сәулелік диагностика қызметі жұмысын істеп тұр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1262312?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді