Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы

Ойыншық – 14 жасқа дейінгі балалардың ойнауына арналған бұйым немесе материал. Ойыншықтар әрбір баланың өмірінде маңызды орын алып, оның дамуына, білім алуына және әлеуметтенуіне ықпал етеді. Алайда кез келген ойыншық қызықты ғана емес, сонымен қатар белгіленген қауіпсіздік талаптарына да сәйкес болуы тиіс. Бұл талаптар 2011 жылғы 23 қыркүйектегі №798 Кеден одағы комиссиясының шешімімен бекітілген «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» КО ТР 008/2011 Кеден одағының техникалық регламентінде айқындалған.

Өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ажырамас бөлігі – оның дұрыс таңбалануы. Таңбалау нақты, анық, оңай оқылатын, қарауға және сәйкестендіруге қолжетімді болуы қажет. Таңбалау тұтынушыға өнім туралы толық ақпарат алуға және оны сатып алу кезінде саналы таңдау жасауға мүмкіндік береді. Міндетті түрде таңбалауда мынадай ақпарат көрсетілуі тиіс: ойыншықтың атауы, бұйымды сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтер, өндіруші ел, өндірушінің атауы мен мекенжайы, ойыншық арналған баланың ең төменгі жасы, хош иістендіргіштің болуы (бар болған жағдайда), күтіп-ұстау тәсілдері (қажет болған жағдайда), дайындалған күні, жарамдылық мерзімі (белгіленген жағдайда), сақтау шарттары (қажет болған жағдайда), сондай-ақ Еуразиялық сәйкестік белгісі (ЕАС). Ойыншықтың түріне байланысты таңбалауда жинақтылығы (жиынтықтар үшін), пайдалану қағидалары, гигиеналық өңдеу тәсілдері, ойыншықпен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік шаралары, ескерту жазбалары және құрастыру жөніндегі нұсқаулық көрсетіледі. Ойыншықпен бірге берілетін таңбалау мен техникалық құжаттама мемлекеттік және орыс тілдерінде ресімделуі тиіс.

Ойыншықтардың қорғаныш-декоративтік жабыны ылғалды өңдеуге, сілекей мен тер әсеріне төзімді болуы тиіс. Қолжетімді жиектері, өткір ұштары, қатты бөлшектері, саңылаулары, шығыңқы бөліктері, баулары, арқандары және ойыншықтардың бекіткіштері баланың жарақат алу қаупін болдырмауы қажет. Ойыншықтың қаптамасы қауіпсіз болуы және баланың тұншығу қаупін тудырмауы тиіс.

Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ойыншықты таңдау – баланың қауіпсіздігі мен денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды іс екенін еске салады. Сатып алу кезінде ойыншықты мұқият қарап шығыңыз, өткір химиялық иістің жоқ екеніне көз жеткізіңіз, таңбалануының болуын тексеріңіз және сатушыдан өнімнің техникалық регламент талаптарына сәйкестігін растайтын сәйкестік сертификатын талап етіңіз.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-pavlodar/press/news/details/1262671?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді