
2026 жыл Павлодар облысы үшін білім саласындағы жарқын жетістіктерге толы жыл болды. Өңірде 5 мыңнан астам түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа көрсеткіш 72 балды құрады. Бұл – республикалық орташа деңгейден жоғары нәтиже. Ал Павлодар қаласындағы №7 мектептің түлегі Әсет Әлтаир 140 мүмкін балдың 140-ын жинап, өңірдің ғана емес, елдің мақтанышына айналды.
Алайда аймақтың басты жетістігі тек ҰБТ нәтижелерімен шектелмейді. Биыл павлодарлық оқушылар республикалық және халықаралық олимпиадаларда 311 медаль жеңіп алды. Оның 60-ы – халықаралық деңгейдегі марапаттар. Облыс екінші жыл қатарынан жаратылыстану-математика бағыты бойынша «Үздік олимпиадалық команда» атанса, қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша ең жоғары марапат – Гран-приге ие болды.
Бұл жетістіктердің артында бүгінде бүкіл Қазақстан мақтан тұтатын дарынды жастардың есімдері тұр. Литвада өткен Халықаралық биология олимпиадасының күміс жүлдегері Ерсұлтан Қайыркен, халықаралық білім додаларының жеңімпаздары Юлия Катунина, Даниил Перепелица, Юрий Шубладзе, Бексұлтан Жанделдинов, Игорь Мартынюк және басқа да ондаған талантты оқушылар үлкен жеңістердің қалада да, ауылда да дүниеге келетінін дәлелдеді.
Бүгінде Павлодар облысы – жасанды интеллект жобалары жүзеге асатын, Google гранттары жеңіп алынатын, ҰБТ-да ең жоғары нәтижелер көрсетіліп, еліміздің ең мықты олимпиадалық командалары қалыптасқан өңір. Демек, білімге салынған инвестиция өзінің ең маңызды жемісін беруде – Қазақстанның жаңа буын көшбасшыларын тәрбиелеуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1262460?lang=ru

Жауап қалдыру