
Қазақстан тұрғындары белгілі бір негіз болған жағдайда тегін өзгертуге құқылы. Бұл мемлекеттік қызметтің қандай жағдайларда көрсетілетіні және оны қалай рәсімдеуге болатыны туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалында мәлімдеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 16 жасқа толған азамат жеке өтініші негізінде және дәлелді себептер болған жағдайда тегін өзгерте алады. Мұндай себептерге тегінің жағымсыз естілуі немесе айтуға қиын болуы, некені тіркегеннен кейін ерлі-зайыптылардың ортақ текті иеленуге ниет білдіруі, неке бұзылғаннан кейін некеге дейінгі тегін қайтаруы, атасының тегін қабылдауға ниет білдіруі, тегін ұлттық дәстүрлерге сәйкестендіруі, сондай-ақ алдыңғы некеден туған балаларымен ортақ текті иеленуге деген қалауы жатады. 2026 жылдың басынан бері бұл қызметті өңірдің шамамен 300 тұрғыны пайдаланған.
«Тегін өзгерту – бұл тек заңдық рәсім ғана емес, сонымен қатар отбасылық құндылықтармен, ұлттық дәстүрлермен және азаматтардың жеке өмірлік жағдайларымен байланысты маңызды шешім. Жамбыл облысының тұрғындары көбіне аталған қызмет түріне ұлттық дәстүрге сәйкес әкесінің немесе атасының тегін алу үшін, сондай-ақ некеге дейінгі тегін қайтару мақсатында жүгінеді», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Батырхан Тоқтағұл.
Тегін өзгертуге өтініш берген кезде жеке басын куәландыратын құжатты, сондай-ақ тегін өзгертуге негіз болатын құжаттарды ұсыну қажет. Қажет болған жағдайда тіркеуші орган қосымша мәліметтер мен құжаттарды сұратуға құқылы. Құжаттарды азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне немесе халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыруға болады. Өтініш құжаттар тапсырылған күннен бастап 5 күнтізбелік күн ішінде қаралады. Тегі өзгертілгеннен кейін азаматқа дербес деректерінің өзгергенін растайтын анықтама беріледі.
Мемлекеттік корпорация филиалында тегін өзгерткеннен кейін жеке куәлікті, туу туралы куәлікті, жүргізуші куәлігін, көлік құралдарына қатысты құжаттарды, неке туралы куәлікті (бар болған жағдайда), мүлікке қатысты құжаттарды және азаматтың дербес деректері көрсетілген өзге де құжаттарды қайта рәсімдеу қажет екенін еске салды.
Айта кету керек, дипломдар мен аттестаттар өз күшін сақтайды және оларды қайта рәсімдеудің қажеті жоқ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-shu/press/news/details/1262829?lang=ru

Жауап қалдыру