
Қазақстанда гидтер, экскурсия жүргізушілері және туризм нұсқаушыларының жұмыс тәртібіне арналған бірыңғай ережелер енгізілді. Құжатта көрсетілетін қызмет сапасына, туристердің қауіпсіздігіне және мамандардың жауапкершілігіне қойылатын талаптар айқындалған. Туризм және спорт министрінің бұйрығымен бекітілген ереже 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Туристік қызметтер клиентпен жасалған келісімшарт негізінде көрсетіледі. Келісімшартты рәсімдеу үшін турист өзі және келісімшарт жасалатын тұлғалар туралы мәліметтерді ұсынады.
Ережеге сәйкес, гидтер мен экскурсия жүргізушілері сапар басталғанға дейін кемінде үш күнтізбелік күн бұрын туристерге алдағы саяхаттың ерекшеліктері туралы ақпарат беруге міндетті. Атап айтқанда, елге немесе уақытша болатын жерге кіру және онда болу тәртібі, жергілікті заңнама, халықтың салт-дәстүрлері, бағыттар мен көрікті орындар, сондай-ақ ықтимал қауіптер мен тәуекелдер туралы мәлімет ұсынылуы қажет.
Егер сапар барысында төтенше жағдай орын алса, маман бұл туралы уәкілетті органдар мен туристердің туыстарына жедел хабарлауға тиіс. Қауіптілігі жоғары маршруттарға қатысатын саяхатшылар ықтимал тәуекелдер туралы хабардар болғанын жазбаша түрде растайды.
Жұмысын бастау үшін бұрынғыдай Қазақстан азаматтығы болуы және eLicense.kz порталы арқылы хабарлама жолдау қажет. Сонымен қатар жаңа ережелер мамандарға қызметін жүзеге асыру үшін ең қолайлы ұйымдық-құқықтық нысанды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, гидтер мен экскурсия жүргізушілерінің қызметін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін рұқсат етілген қызмет түрлері тізіміне енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
Министрлік келіп түскен хабарламалар негізінде гидтер, экскурсия жүргізушілері және туризм нұсқаушыларының электронды тізілімін жүргізеді. Ол министрліктің және ұлттық компания Kazakh Tourism ресми интернет-ресурстарында қолжетімді болады. Осылайша туристер қызмет көрсететін мамандардың тіркелген-тіркелмегенін тексере алады.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жаңа ережелер бірыңғай кәсіби стандарттарды қалыптастыруға, туристік қызметтердің сапасын арттыруға және Қазақстан бойынша саяхаттарды қауіпсіз әрі жайлы етуге мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-shet-ortau/press/news/details/1262645?lang=ru

Жауап қалдыру