
Салықтарды, төлемақыларды және (немесе) өсімпұлды төлеу бойынша кейінге қалдыру – уәкілетті орган он екі айдан аспайтын мерзімге кейінге қалдыруды беретін деңгейлес мониторингке қатысушыны қоспағанда, салық органының алты айдан аспайтын мерзімге тиесілі сомаларды толық көлемде біржолғы төлеу үшін неғұрлым кешірек мерзімді белгілеуі арқылы салық төлеушіге салықтарды, төлемақыларды және (немесе) өсімпұлды төлеу мерзімін өзгерту.
Салықтарды, төлемақыларды және (немесе) өсімпұлды төлеу бойынша бөліп төлеу – уәкілетті орган он екі айдан аспайтын мерзімге кейінге қалдыруды беретін деңгейлес мониторингке қатысушыны қоспағанда, салық органының отыз алты айдан аспайтын мерзімге өсімпұлдың тиесілі сомаларын тең үлестермен төлеудің кезеңдік (ай, тоқсан) мерзімін белгілеуі арқылы салық төлеушіге салықтарды, төлемақыларды және (немесе) өсімпұлды төлеу мерзімін өзгерту.
Кейінге қалдыруды (бөліп төлеуді) беру тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
Қаржылық жағдайы салықты және (немесе) төлемақыны белгіленген мерзімде төлеуге мүмкіндік бермейтін, алайда оларды төлеу мүмкіндігі кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу берілетін мерзім ішінде пайда болады деп пайымдауға жеткілікті негіздер бар салық төлеушіге салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мынадай негіздердің бірі болғанда:
салық төлеушіге еңсерілмейтін күш (әлеуметтік, табиғи, техногендік, экологиялық сипаттағы төтенше жағдайлар, әскери іс-қимылдар және т.б.) салдарынан залал келтірілген;
салық төлеушінің тауарларды өндіруі, жұмыстарды орындауы немесе қызметтерді көрсетуі және (немесе) өткізуі маусымдық сипатта болған;
дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрмайтын жеке тұлғаның мүліктік жағдайы (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндіріп алуға болмайтын мүлікті есепке алмағанда) салықты біржолғы төлеу мүмкіндігін жоққа шығаратын;
сот берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған;
салық төлеуші қызметінің негізгі түрі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес стратегиялық маңызы бар экономика саласына жататын кезде берілуі мүмкін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-astana/press/news/details/1262301?lang=ru

Жауап қалдыру