
Шығыс Қазақстан облысында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, елдімекендердің тазалығын сақтауға және қоғамдық орындарды абаттандыруға бағытталған “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмыста полиция маңызды рөл атқарып, абаттандыру ережелері мен қоғамдық тәртіптің сақталуын қатаң бақылауға алды.
Өңір көшелерінде күн сайын полиция қызметкерлері қызмет атқарады, сондай-ақ жедел басқару орталығының мүмкіндіктері толық көлемде пайдаланылуда. Бейнебақылау камералары мен заманауи мониторинг жүйелері қоғамдық орындарды ластау, абаттандыру ережелерін бұзу фактілерін тәулік бойы анықтауға және тәртіп бұзушыларды жедел табуға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері “Таза Қазақстан” акциясы аясында полицейлер 6 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 4,8 мыңға жуығы аумақта абаттандыру ережелерін бұзуға қатысты болса, тағы бір мыңнан астамы жалпы пайдалану орындарын ластауға байланысты. Сонымен қатар облыс аумағында 120-дан астам рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталып, әрбір факті бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Цифрлық технологияларды қолдану құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға ғана емес, сонымен қатар тиімді профилактикалық жұмыстарды жүргізуге септігін тигізеді. Қоғамдық орындардың бейнебақылау камераларының назарында екенін түсіну азаматтардың жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1262790?lang=ru

Жауап қалдыру