
Жаз – демалысқа шығатын, табиғат аясында серуендейтін, су жағасында тынығатын мезгіл. Алайда күннің ысуымен бірге жіті ішек инфекцияларының маусымдық өсуі де байқалады. Ауа температурасының жоғары болуы тағам өнімдері мен суда ауру қоздырғыш бактериялар мен вирустардың қарқынды көбеюіне қолайлы жағдай жасайды. Ал қарапайым жеке бас гигиенасы талаптарының сақталмауы жұқтыру қаупін едәуір арттырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметіне сәйкес, жыл сайын жер шарындағы әрбір тоғызыншы адам қауіпті тағам өнімдерін тұтынудың салдарынан ауырады. Ластанған тағам 200-ден астам түрлі аурудың – жеңіл ішек бұзылыстарынан бастап ауыр инфекциялар мен қауіпті асқынуларға дейінгі дерттердің себебі болуы мүмкін.
Жіті ішек инфекцияларына шигеллез (бактериялық дизентерия), сальмонеллез, іш сүзегі, ротавирустық және норовирустық инфекциялар, эшерихиоздар, сондай-ақ бактериялар, вирустар мен паразиттер қоздыратын басқа да аурулар жатады. Қоздырғыштарының айырмашылығына қарамастан, олардың көпшілігінің берілу жолдары мен алдын алу шаралары ұқсас.
Инфекцияның негізгі берілу механизмі – нәжіс-ауыз жолы. Ауру қоздырғыштары ағзаға лас қол, ластанған ауыз су, дұрыс жуылмаған көкөністер мен жемістер, сондай-ақ дұрыс сақталмаған немесе санитариялық талаптар бұзыла отырып дайындалған тағам арқылы түседі. Инфекция көзі аурудың айқын белгілері бар адам ғана емес, сонымен қатар ешқандай белгілері байқалмайтын тасымалдаушы да болуы мүмкін.Жазғы аптап ыстық микроорганизмдердің көбеюін едәуір жылдамдатады. Тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқыштан тыс жерде бірнеше сағат қана сақтау қауіпті мөлшерде бактериялар мен олардың уыттарының жиналуына әкелуі мүмкін. Әсіресе мынадай өнімдер қауіпті: сүт және сүт өнімдері,ет пен құс еті, балық және теңіз өнімдері, дайын салаттар,крем қосылған кондитерлік өнімдер,бөлме температурасында қалдырылған тез дайындалатын тағамдар.
Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі тек шикізаттың сапасына ғана емес, сонымен қатар температуралық режимнің сақталуына, тағамды сақтау және дайындау шарттарына да тікелей байланысты. Сондықтан тағам арқылы таралатын инфекциялар көбіне жылдың жылы мезгілінде тіркеледі.
Ішек инфекциялары қалай білінеді?Аурудың белгілері қоздырғыштың түріне байланысты жұқтырғаннан кейін бірнеше сағаттан соң немесе бірнеше күннен кейін пайда болуы мүмкін. Ең жиі кездесетін белгілері:дене қызуының көтерілуі,жалпы әлсіздік,тәбеттің төмендеуі,жүрек айну,құсу,іштің ауыруы және түйілуі,жиі түрде сұйық нәжіс.
Ішек инфекцияларының ең басты қаупі – ағзаның сусыздануы. Бұл әсіресе жас балалар мен егде жастағы адамдарда өте жылдам дамиды. Сұйықтық пен электролиттердің жоғалуы ауыр асқынуларға әкеліп, шұғыл ауруханаға жатқызуды қажет етуі мүмкін.
Аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігердің тағайындауынсыз антибиотиктерді және басқа да дәрілік препараттарды өз бетінше қабылдау тек пайдасыз ғана емес, сонымен қатар қауіпті болуы мүмкін. Себебі ішек инфекцияларының көпшілігі вирустық сипатқа ие және бактерияға қарсы емдеуді қажет етпейді.
Жіті ішек инфекцияларының басым бөлігінің алдын алуға болады. Жұқтыру қаупін айтарлықтай төмендету үшін мынадай қарапайым ережелерді сақтау қажет:тамақ дайындаудың және тамақтанудың алдында, дәретханадан кейін, көшеден, табиғат аясындағы демалыстан келген соң және жануарлармен байланыстан кейін қолды сабындап мұқият жуу,тек қауіпсіз ауыз суды пайдалану, ал судың сапасына күмән туған жағдайда бөтелкедегі немесе қайнатылған суды ішу,көкөністерді, жемістерді, жидектер мен көк шөптерді мұқият жуу,тез бұзылатын өнімдерді тек тоңазытқышта сақтау және жарамдылық мерзімін қатаң сақтау,бұзылған белгілері бар өнімдерді пайдаланбау,рұқсат етілмеген сауда орындарынан тағам өнімдерін сатып алмау,етті, құс етін, балықты, жұмыртқаны және теңіз өнімдерін толық пісіріп дайындау,шикі және дайын өнімдер үшін бөлек турау тақтайлары мен пышақтарды пайдалану,ас үйдің жұмыс беттерін және ас үй құралдарын үнемі тазалап отыру,ашық су айдындарынан су ішпеу және шомылу кезінде судың ауызға түсуіне жол бермеу,сапарларда, табиғат аясындағы демалыста және адамдар көп жиналатын орындарда жеке бас гигиенасын сақтау,ауру белгілері пайда болған жағдайда үйде қалып, айналадағы адамдармен байланысты шектеп, дәрігерге қаралу.
Алдын алу шараларына әсіресе кішкентай балалары бар отбасылар ерекше назар аударуы қажет. Себебі ерте жастағы балаларда сусыздану өте жылдам дамитындықтан, олар ішек инфекцияларын ауыр көтереді.
Ең бастысы – ішек инфекцияларының басым бөлігінің алдын алған емдегеннен әлдеқайда жеңіл. Қолдың тазалығы, қауіпсіз ауыз су, тағам өнімдерін дұрыс сақтау және дайындау ережелерін сақтау – тағам арқылы таралатын көптеген инфекциялардан қорғанудың ең тиімді жолы.
А.Г. Чижков – департаменттің бас маманы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-kostanay/press/news/details/1262590?lang=ru

Жауап қалдыру