
Жазғы сауықтыру науқанын ұйымдастыру және өткізу аясында Жетісу облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері Ақши ауылында орналасқан балаларды сауықтыру лагеріне профилактикалық тексеру жүргізді.
Тексеру барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Полицейлер лагерь аумағын аралап, қоршаудың жай-күйін, өткізу режимінің ұйымдастырылуын, демалушылардың тұру жағдайларын, сондай-ақ өртке қарсы қорғаныс құралдарының болуы мен жарамдылығын тексерді. Бұдан бөлек, спорт және ойын алаңдарының қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіп талаптарының сақталуына да баға берілді.
Лагерьдің басшылығы мен қызметкерлеріне төтенше жағдайлардың алдын алу, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде әрекет ету алгоритмі бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мұндай іс-шаралар жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Балаларды сауықтыру ұйымдарындағы профилактикалық тексерулер Жетісу облысының барлық аумағында жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1263446?lang=ru

Жауап қалдыру