
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев жұмыс сапары барысында Қабланбек ауылдық округіне қарасты Жонарық елді мекенінде бой көтеріп жатқан 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ғимаратының құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Нысанды аралау кезінде аудан басшысы құрылыс жұмыстарының орындалу қарқыны жоспарланған деңгейден төмен екенін айтып, мердігер ұйымның жауапты өкілдеріне бірқатар сын-ескертпелер білдірді. Әсіресе, құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстап, белгіленген кестеден кешікпей аяқтау қажеттігіне ерекше назар аударды.
Арман Абдуллаев құрылыс барысы аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында болатынын айтып, нысанға апта сайын арнайы келіп, атқарылған жұмыстарды жеке өзі тексеретінін жеткізді. Сондай-ақ, мердігер мекемеге жұмыс күшін көбейтіп, құрылыс қарқынын күшейту, барлық жұмысты құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес орындау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Қазіргі уақытта нысанда сыртқы қасбетті әрлеу, ішкі әрлеу, желдету жүйесін орнату, сыртқы инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын «ST-SERVICE KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1263599?lang=ru

Жауап қалдыру