
Ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша Қоғамды дамытуға ақпараттық қолдау көрсету жөніндегі жеке қоры «Әйелдер көшбасшылығы және әлеуметтік жауапкершілік» тақырыбында семинар өткізді.
Бүгінгі таңда семинардың тақырыбы ерекше өзекті. Себебі қоғамдық өмірде, мемлекеттік басқаруда, кәсіпкерлікте және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруда әйелдердің рөлі жыл сайын артып келеді. Іс-шара ашық пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге және жаңа идеяларды талқылауға мүмкіндік беретін алаңға айналып, қатысушыларды көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, қоғамдық белсенділігін арттыруға және азаматтық жауапкершілігін нығайтуға жігерлендірді.
Семинарға қатысушыларды аудан әкімінің орынбасары Ж.А. Асқарова құттықтап, өз сөзінде әйелдердің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі зор екенін атап өтті. Сондай-ақ әйелдер көшбасшылығы қоғамның тұрақты дамуының маңызды тетіктерінің бірі екенін айтып, осындай іс-шаралар әйелдердің әлеуетін ашуға және қоғамдық бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысының міндетін атқарушы И.Г. Коломиец өз сөзінде аудандық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қызметіне ерекше тоқталды. Ол комиссияның отбасы институтын нығайту, әйелдердің құқықтарын қорғау, ана мен баланы қолдау, сондай-ақ әйелдердің қоғамдық және саяси өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келе жатқанын атап өтті.
Әлеуметтік қорғау бөлімі басшысының орынбасары Д.Д. Хамитова әйелдердің бастамаларын қолдауға бағытталған әлеуметтік жобаларды гранттық қаржыландыру мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Ол гранттарға қатысу тәртібі, қаржыландыру шарттары жөнінде түсіндіріп, қоғамдық маңызы бар жобаларды іске асырудағы әлеуметтік жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталды.
Семинар соңында Қоғамды дамытуға ақпараттық қолдау көрсету жөніндегі жеке қордың өкілі Ботагөз Асқар қатысушыларға белсенділік танытып, өзекті мәселелерді талқылауға атсалысқандары үшін алғыс білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-altai/press/news/details/1262903?lang=ru

Жауап қалдыру