Жамбыл облысында ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы нақты нәтижесін көрсетіп келеді. 2025 жылы бағдарлама аясында жалпы құны 3,7 млрд теңгеге 518 жоба қаржыландырылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Қаржыландыру ауылдық жерлердегі кәсіпкерліктің 110-нан астам бағытын қамтыды. Олардың қатарында техникалық қызмет көрсету станциялары, тігін және жиһаз цехтары, жылыжайлар, кірпіш пен құм блоктарын шығаратын өндірістер, автокөлік жуу орындары, сұлулық салондары, наубайханалар, сүт өңдеу цехтары және балабақшалар бар.
Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 500-ден астам ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар жаңа өндірістік тізбектер қалыптасып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өндірістер ашылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары көрсеткіш Байзақ ауданында тіркеліп, мұнда 100 жобаға 687,5 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданында 77 жобаға 577,8 млн теңге, Жуалы ауданында 58 жобаға 483,1 млн теңге қаржыландырылды.
2026 жылы бағдарламаны іске асыруға 5 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Қаражат бизнес-жобаларды қолдауға, кооперативтер құруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға және су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсалмақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak-tuymekent/press/news/details/1263018?lang=ru

Жауап қалдыру