Мемлекеттік қызметтің сапасы ең алдымен онда еңбек ететін мамандардың біліміне, тәжірибесіне және жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан мемлекеттік қызметте меритократия қағидатын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл қағидатқа сәйкес мемлекеттік қызметке қабылдау және қызметте жоғарылау кезінде қызметкердің білімі, кәсіби қабілеті, жұмыс нәтижесі мен еңбегі басты назарға алынады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында да меритократия қағидатын одан әрі дамыту көзделген. Оның басты мақсаты – кадрлық шешімдердің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік қызметке білікті әрі еңбекқор азаматтардың келуіне жағдай жасау.
Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі нақты көрсеткіштерден көрінеді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті кадрлық ілгерілеу мәселесіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Маңғыстау облысында жарияланған ішкі конкурстардың нәтижесінде бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға 42 мемлекеттік қызметші тағайындалды. Оның ішінде 35 қызметші төменгі лауазымдардан жоғары қызметтерге көтерілді. Бұл жалпы тағайындаулардың 83 пайызын құрады. Аталған көрсеткіш өңірде меритократия қағидатының іс жүзінде тиімді жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
Соңғы жылдары мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер де меритократия қағидатын одан әрі нығайтуға бағытталған. Бүгінде қызмет нәтижелерін бағалау қорытындысы мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуіне ықпал ететін маңызды факторлардың біріне айналып отыр. Бұл әрбір қызметкердің өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, жоғары нәтижеге ұмтылуына мүмкіндік береді.
Меритократия – мемлекеттік қызметтің сапасын арттырудың маңызды негіздерінің бірі. Еңбегі мен біліктілігіне қарай бағаланған қызметкер кәсіби тұрғыдан өсіп, мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуіне өз үлесін қосады. Ал бұл халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға және азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Маңғыстау облысы бойынша
департаментінің басшысының міндетін атқарушы Ж. Маршакұлы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1263514?lang=ru

Жауап қалдыру