НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ӨЗБЕКСТАН АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАР ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙГЕ ЖЕТКЕНІН МӘЛІМДЕДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Өңірлер басшылары кеңесінің бірінші отырысы өтті. Маңызды жиынға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов, екі елдің министрлері мен өңір басшылары қатысты.
Кеңес аясында Түркістан облысы мен Өзбекстанның бірқатар өңірлері арасында екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды құжаттарға қол қойылды. Жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндама жасап, қазақ-өзбек байланыстарының бүгіні мен болашағына жан-жақты тоқталды. Өңір басшысы ең алдымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің саяси ерік-жігерінің арқасында екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа сапалы кезеңге көтерілгенін атап өтті.
– Бүгін мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Шавкат Миромонұлы Мирзиёевтің салиқалы саясатының арқасында бауырластыққа, тату көршілік пен өзара сенімге негізделген қазақ-өзбек қарым-қатынасы стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың сапалы жаңа биігіне шықты. Осы бағыттағы ықпалдастық аясында өңіраралық байланыстар нығайып, сауда-экономикалық әлеует артып, инвестициялық серіктестік кеңейіп келеді. Сонымен қатар аймақтарымыздың тұрақты дамуына серпін беретін ауқымды бірлескен жобалар жүзеге асырылуда, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімі Түркістан өңірінің Орталық Азиядағы тарихи орнына тоқталып, оның бүгінгі халықаралық рөлінің артып келе жатқанын жеткізді.
– Түркістан облысы – Орталық Азия халықтарын ғасырлар бойы тоғыстырып келген рухани орталық қана емес, ерекше геосаяси мәртебеге ие шекаралық өңір. Мемлекет басшысы биыл Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Түркістан өңірінің халықаралық деңгейдегі маңызды байланыс орталығы ретіндегі рөлінің арта түскенін ерекше атап өтті. Бүгінде өңір бай тарихи-мәдени мұраны жоғары инвестициялық әлеуетпен ұштастыра отырып, қарқынды дамып келеді, – деді өңір басшысы.
Нұралхан Көшеров Түркістандағы «Миромон ата» мешіті екі халықтың достығы мен рухани жақындығының жарқын белгісіне айналғанын айтып, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген өзбек халқына ризашылығын білдірді.
Кеңесте өңіраралық байланыстарды кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Биыл мамыр айында Түркістан облысының делегациясы Ташкент облысында өткен «Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық бизнес-форумына қатысып, өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Осы келісімдердің нәтижесінде екі өңір арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтеріліп келеді.
Баяндама барысында туризм саласындағы бірлескен жұмыстар да кеңінен сөз болды.
– Туризмді бірлесе дамыту – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі. Өткен жылдың қараша айында Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барып, Самарқанд облысының әкімдігімен туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде биыл сәуір және мамыр айларында «Самарқанд – Түркістан» бағыты бойынша екі күндік туристік тур ұйымдастырылды. Жобаға екі елдің алты туроператоры мен сегіз қонақүйі қатысып отыр. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде 2025 жылы Түркістан облысына 1,5 миллион турист келіп, өсім 116 пайызды құрады. Сонымен қатар Алматы, Түркістан, Ташкент және Самарқанд қалаларын байланыстыратын “Керуен Экспресс” және «Jibek Joly» халықаралық маусымдық туристік пойыздары іске қосылды. 2025 жылдың күзінен 2026 жылдың көктеміне дейін осы бағыттар бойынша 3577 турист тасымалданды. Қазіргі таңда «Түркістаннан Бұхараға дейін» бірыңғай туристік маршрутын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Нұралхан Көшеров.
Кеңесте көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері де талқыланды.
– Түркістан облысы – Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын маңызды көлік-логистикалық хаб. Өңіріміз Өзбекстанның Ташкент, Сырдария, Жызақ және Наманган облыстарымен шектеседі. Шекарамыздың жалпы ұзындығы шамамен мың шақырымды құрайды. Қазіргі таңда алты кеден бекеті мен екі өткізу пункті жұмыс істейді. Өткен жылы осы өткізу пункттері арқылы 14 миллионға жуық адам, үш миллионға жуық көлік және төрт миллион тонна жүк өтті, – деді өңір басшысы.
Нұралхан Көшеров қазіргі таңда «Сарыағаш» теміржол вокзалы жаңғыртылып жатқанын, «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісі мен Сарыағаш айналма автомобиль жолының құрылысы басталғанын айтып, бұл жобалар өңірдің халықаралық көлік дәлізіндегі рөлін күшейтетінін жеткізді.
Ақтауда өткен Өңірлер басшылары кеңесінің бірінші отырысы Түркістан облысы мен Өзбекстан өңірлері арасындағы гуманитарлық, туристік және өңіраралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Нәтижесінде тараптар жаңа бастамаларды жүзеге асыруға уағдаласып, өзара байланысты одан әрі тереңдетуге бағытталған маңызды құжаттарға қол қойды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1263577?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді