Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі 21–23 шілде аралығында Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында өткен Дүниежүзілік интернет-конференцияның (World Internet Conference) Цифрлық Жібек жолын дамыту форумына қатысты.
Форум аясында «Инклюзивті дамуға жәрдемдесу және цифрлық әрі зияткерлік инновациялардың артықшылықтарын бірлесіп пайдалану» тақырыбында жоғары деңгейдегі кездесу өтті. Оған көптеген елдердің мемлекеттік органдарының басшылары қатысты.
ОКҚ директорының орынбасары Дмитрий Голобурда сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының инклюзивті цифрлық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі тәсілдерін таныстырды. Аталған тәсілдер Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік басқару және цифрлық трансформация салаларындағы реформаларға негізделген.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы дербес деректерін қорғау құқығы бекітілгені атап өтіліп, бұл еліміздің қауіпсіз әрі адамға бағдарланған цифрлық даму қағидаттарына бейілділігін растайтыны айтылды.
Цифрлық технологиялар, жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастық аясында инклюзивтілік пен сенім мәселелеріне, сондай-ақ осы бағыттардағы Қазақстан-Қытай өзара іс-қимылын одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды.
Қазақстанда іске асырылып жатқан тәсілдер Форумға қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды.
Дүниежүзілік интернет-конференция іс-шараларына қатысу халықаралық аудиторияға Қазақстанның цифрлық даму мәселелері бойынша заманауи тәсілдерін таныстыруға мүмкіндік берді, сондай-ақ еліміздің цифрлық технологиялар саласындағы өзара тиімді халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін көрсетті.
Жауап қалдыру