Президент тапсырмаларын іске асыру: шағын бизнеске 21 млрд теңге қолдау көрсетілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың желтоқсанында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры іске қосқан «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетігіне айналып келеді. Бағдарлама микро және шағын бизнес субъектілерінің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Оның ішінде ауылдық елді мекендер мен моноқалалардағы кәсіпкерлерге басымдық беріледі.
Бағдарламаның негізгі ерекшелігі – өңірлік тәсілдің қолданылуы. Әр облыстың экономикалық ерекшелігі мен қажеттілігі ескеріліп, басым бағыттар жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен айқындалады.
Бүгінде «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында жалпы құны 21 млрд теңгеден асатын 300-ден астам жобаға қолдау көрсетілді. Ал 2026 жылы 400 млрд теңге көлемінде 5 мыңға жуық жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр.
«Іскер аймақ»: өңірлердегі табысты жобалар
Тері өңдеудегі жасыл технологиялар (Жамбыл облысы)
«Қожабекова Г.Т.» ЖК жылына 46 мың өңделген қой терісін және 20 мыңға жуық дайын үлбір өнімін шығарады. 2025 жылы өнімнің 10%-ы Ресей мен Өзбекстанға экспортталды. Мемлекеттік қолдау есебінен күн панельдері орнатылып, электр шығыны 38%-ға қысқарды. Нәтижесінде жыл сайын 24 мың импорттық үлбір бұйымы отандық өніммен алмастырылып, өңірлік сұраныстың 20%-ы қамтамасыз етіледі.
Күріш өндірісін дамытуға серпін (Қызылорда облысы)
«Досжан Тұрлыбаев» ЖК күріш өндірісін дамыту үшін 110 млн теңге қаржыландыру алды. Кәсіпкер үшін несие мөлшерлемесі мемлекеттік субсидиялау нәтижесінде 13,2% болды. Кәсіпорын тәулігіне 150 тоннаға дейін күріш өңдейді, өнім Қырғызстанға, Ресейге және Ауғанстанға экспортталады. Жоба жылына 1,5–2 мың тонна импортты алмастырып, өңірлік сұраныстың 20–25%-ын қамтамасыз етпек.
Ақылды медициналық техника (Солтүстік Қазақстан облысы)
Петропавл қаласында 2020 жылдан бері медициналық жабдық өндірумен айналысатын «Ультрамедтех KZ» ЖШС 100 млн теңге несие алып, өндірісті кеңейтуде. Жоба нәтижесінде медициналық жабдық шығару көлемі жылына 5 мыңнан 10 мың данаға дейін өсіп, 5 жаңа жұмыс орны ашылады.
TARIX брендінің ірімшіктері (Түркістан облысы)
TARIX ARIX брендімен ірімшік өндіретін «Бахар» ЖК 100 млн теңге несие алды. Мемлекеттік субсидия нәтижесінде түпкілікті мөлшерлеме 12,6% болды. Жоба іске қосылғаннан кейін ірімшік өндіру көлемі тәулігіне 200 келіден 260 келіге дейін ұлғаяды. Сонымен қатар жыл сайын 40 тоннаға дейін импорттық сүт өнімінің орнын отандық өнім басып, өңірлік нарықтағы сұраныстың 5%-ын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Отандық тұрмыстық бұйымдар өндірісі (Ақтөбе облысы)
Ақтөбе қаласындағы «Жантлеуова Г.А.» жеке кәсіпкерлігі төсек-орын жабдықтары мен тұрмысқа қажетті ұлттық бұйымдар өндіреді. Кәсіпкер 3 жыл мерзімге 35 млн теңге көлемінде қаржыландырылды. Қаражат айналым қаражатын толықтыруға, шикізат қорын ұлғайтуға, өндіріс сапасын жақсартуға және өнімді нарыққа ілгерілетуге бағытталды. Көрсетілген қолдаудың нәтижесінде өндіріс көлемі айтарлықтай артты. Атап айтқанда, тәулігіне шығарылатын жастық саны 12-ден 20 данаға, ал көрпе өндірісі 30-дан 50 данаға дейін өсті. Кәсіпорындағы қызметкерлер саны 7 адамнан 10 адамға дейін көбейді. Алдағы уақытта қосымша 20 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Бағдарлама бойынша толық ақпаратты «Даму» қорының өңірлік филиалдарынан немесе 1408 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады. Шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін көшпелі фронт-офистер жұмыс істейді. Олар кәсіпкерлерден өтінімдерді жергілікті жерде қабылдайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1263575?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді