ҚАЗАҚСТАНДА МЕНТАЛЬДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУ ЖҮЙЕСІН АУҚЫМДЫ РЕФОРМАЛАУ БАСТАЛАДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда халықтың ментальдық денсаулығын сақтау тәсілі өзгертілуде: басты назар аурудың салдарын емдеуден оның алдын алуға, ерте анықтауға және адамды барлық кезеңде кешенді сүйемелдеуге аударылады.

Бұл шаралар Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралған 2027–2030 жылдарға арналған ментальдық денсаулықты сақтау жөніндегі кешенді жоспармен көзделген.

«Бүгінде мамандандырылған медициналық-әлеуметтік көмек екі республикалық клиникада, 20 өңірлік психикалық денсаулық орталығында, 98 алғашқы психикалық денсаулық орталығында және ауылдық жерлердегі 212 психикалық денсаулық кабинетінде көрсетіледі. Амбулаториялық көмек пен медициналық оңалтуды дамыту жалғасуда, балаларға арналған психиатриялық төсектер саны артып, қызметтің кадрлық әлеуеті нығайтылуда. Сонымен қатар, инфрақұрылымды жаңғыртуға және материалдық-техникалық базаны жаңартуға деген жоғары қажеттілік сақталуда», – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Жаңа Кешенді жоспар психикалық денсаулық саласы мамандарын емханалардың жұмысына интеграциялауды, ерте диагностиканы дамытуды, пациенттің емдеу бағытын цифрландыруды, кадрлық әлеуетті нығайтуды және инфрақұрылымды жаңартуды көздейді. Балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығына ерекше назар аударылады.

Кешенді жоспарды әзірлеу барысында салалық мемлекеттік органдар ғылыми зерттеулерді дамытуға, мамандарды даярлау жүйесін жетілдіруге, білім беру бағдарламаларын жаңартуға, педагогтер мен психологтердің біліктілігін арттыруға, сондай-ақ мүгедектігі бар балалар мен ересектерге арналған арнайы әлеуметтік қызметтер жүйесі мен инфрақұрылымды одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстарын ұсынды.

Министрліктер мен өңір әкімдіктерінің баяндамалары тыңдалғаннан кейін 2027–2030 жылдарға арналған ментальдық денсаулықты сақтау жөніндегі кешенді жоспар мақұлданды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1263570?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді