
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылған «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясының екі кезеңі шеңберінде еліміздің барлық өңірінде бұлақтар мен су айдындарының жағалауларын тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі. Акцияның алғашқы кезеңі биыл 23 наурызда, екінші кезеңі 11 шілдеде өтті. Нәтижесінде Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласында 94 бұлақ пен 62 су нысаны тазартылды. Акцияға жалпы 23,7 мыңнан астам адам, оның ішінде 3 мыңға жуық ерікті қатысты. «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында су саласындағы алғашқы еріктілер қозғалысы – «Болашақтың қайнары» құрылды. Оның мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, дамыту. Қозғалыстың алғашқы құрамына Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттері енді. Қазіргі уақытта «Болашақтың қайнары» еріктілер қозғалысы Қазақстанның өзге өңірлерінде де жұмыс істеп келеді. Еріктілер қозғалысының мүшелері қосымша тағы 5 бұлақ пен 6 су айдынының жағалауын тазартты. Іс-шараларға негізінен жастардан құралған 3 мыңнан астам адам қатысты. «Мөлдір бұлақ» акциясы азаматтардың кең қолдауына ие болды. Сәуір айында Қостанай облысында колледждердің еріктілері мен оқытушылары өзендер мен су айдындарының жағалауын тазалау жұмыстарын ұйымдастырды. Әсіресе Тобыл өзенінің жағалауын, сондай-ақ су нысандарына іргелес орналасқан жағалаулар мен саябақ аумақтарын тазалауға ерекше назар аударылды. Биыл мамыр айында Ақтөбе су қоймасы аумағында жағалауды тұрмыстық қалдықтардан тазарту бойынша экологиялық акция өтті. Оның нәтижесінде 2 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сонымен қатар Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы «Алма-Арасан» шатқалындағы бұлақ аумағын қоқыстан тазарту жұмыстарын ұйымдастырды. Мамыр айында Қостанай облысындағы Тобыл өзенінің жағалауын тазалау шаралары да өткізіліп, нәтижесінде 3 тонна қоқыс жиналды. «Қысқа уақыт ішінде «Мөлдір бұлақ» акциясы азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға елеулі үлес қосып, бұлақтардың табиғат үшін маңызын кеңінен насихаттай алды. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі қазақстандықтар бұл бастаманы белсенді қолдап, өз күштерімен бұлақтардың көзін ашу және қалпына келтіру, қоқыс тазалау, көшет отырғызу жұмыстарын ұйымдастыра бастады. Акцияда су ресурстарын сақтауға бейжай қарамайтын жастарға ерекше мән берілді. Сондай-ақ мұндай іс-шаралардың бастамашысы әрі ұйымдастырушысы болып жүрген аға буын өкілдерінің еңбегін де ерекше атап өткен жөн», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-audan/press/news/details/1263097?lang=ru

Жауап қалдыру