
Сарыағаш ауданында кәсіпкерлікті дамыту, өндірісті өркендету және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы жұмыстармен танысу мақсатында аудан әкімі Арман Абдуллаев жергілікті кәсіпкерлердің өндірістік орындарын аралап, олардың қызмет барысымен танысты.
Кездесу барысында аудан басшысы кәсіпкерлердің еңбегін жоғары бағалап, өндірісті дамыту, отандық өнім көлемін арттыру бағытындағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Сарыағаш қаласында орналасқан жеке кәсіпкер Алмахан Мауленовтың өндіріс орнында бетон және мәрмәр тасы қоспасынан түрлі бұйымдар дайындалады. Кәсіпорында заманауи талаптарға сай абаттандыру жұмыстарына арналған орындықтар, қоқыс жәшіктері және өзге де қажетті өнімдер шығарылады.
Өндіріс орнының өнімдері Түркістан облысы мен Шымкент қаласы аумағында саудаланып, тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие болуда. Кәсіпкердің айтуынша, аталған өндіріс бағытымен 3 жылдан бері айналысып келеді. Қазіргі таңда кәсіпорында 5 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, аудан әкімі кәсіпкердің тігін цехының жұмысымен де танысты. Цехта бірнеше тігін машинасы орнатылып, тапсырыс негізінде түрлі бұйымдар әзірленуде. Кәсіпкер тігін цехының кез келген тапсырысты сапалы орындауға мүмкіндігі бар екенін жеткізді.
Кәсіпкерлік саланың дамуы – аудан экономикасын нығайтып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі. Сарыағаш ауданында шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлердің бастамаларына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1263601?lang=ru

Жауап қалдыру