Астананың Сарыарқа ауданында қоғамдық тәртіпті сақтауға арналған кезекті рейд өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Елордада қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық орындарда заң бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыс жүріп жатыр.
Осыған орай «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Сарыарқа ауданындағы «Көктал» саябағында жергілікті атқарушы органдар, полиция мен өзге де уәкілетті қызмет өкілдерінің қатысуымен рейд ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Рейд барысында қатысушылар саябақ аумағын аралап, демалушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ көпшілік демалатын орындарда тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын еске салды.

«Біз уәкілетті органдармен, оның ішінде Сарыарқа аудандық полиция басқармасымен бірлесіп, қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзу фактілерін анықтауға бағытталған профилактикалық рейдтер өткізіп келеміз. Мұндай іс-шаралар апта сайын ұйымдастырылады. Қоғамдық кеңістіктерді, саябақтар мен гүлзарларды қамтуға тырысамыз», – деді Сарыарқа ауданы әкімдігі аппаратының ішкі саясат бөлімінің басшысы Дамир Хисматуллин.

Оның айтуынша, ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында темекі тұқылдарын, бөтелкелерді және басқа да қоқысты бейберекет тастау бар. Сондай-ақ абаттандыру қағидаларын бұзу жағдайлары да анықталады. Мұндай жағдайда заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Сонымен қатар рейдке қатысушылар саябақтарда демалуға және пикник ұйымдастыруға рұқсат етілгенін атап өтті. Ең бастысы – артынан қоқыс қалдырмай, қоғамдық орындардағы тәртіп ережелерін сақтау.
Ауданда бейнебақылау камералары арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және оларды анықтауға бағытталған Smart Saryarka пилоттық жобасы да іске асырылып жатыр. Жоба басталғалы бері мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылған. Жүйе қоғамдық орындарды ластау, алкогольдік ішімдіктерді ішу және рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін қалыптастыру секілді түрлі құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта жобаның тиімділігі бағаланғаннан кейін оны Астананың өзге аудандарына да енгізу мүмкіндігі қарастырылмақ.

Мұндай профилактикалық шаралардың қажеттілігін қала тұрғындары да қолдайды.
«Әрине, мұндай шаралар қажет. Адамдар демалуға келіп, шемішке шағып, бөтелке мен қоқысын қалдырып кетеді. Бұлай жасауға болмайды. Саябаққа келген соң, артымызды жинап, тазалықты сақтауымыз керек», – елорда тұрғыны айтты.

Қоғамдық орындардағы профилактикалық рейдтер алдағы уақытта да жалғасады. Олардың басты мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, тұрғындардың қоғамдық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға баулу және қауіпсіз әрі жайлы қалалық ортаны бірлесіп қалыптастыру.

#законипорядок #заңментәртіп

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1263670?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді