
Астанада Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде Қарулы күштердің әскери қызметшілері мен ардагерлері арасында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналған волейбол турнирі өтті.
Дәстүрлі спорттық жарысқа Қарулы күштердің түрлерінен, Тыл бастығы басқармасынан, Қару-жарақ бастығы басқармасынан, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінен, 32039 әскери бөлімінен, сондай-ақ “Генералдар кеңесі” мен “Қарулы күштердің ардагерлері” ұйымынан құралған тоғыз команда қатысты.
Тартысты өткен кездесулердің қорытындысы бойынша үшінші орынды Қарулы күштердің ардагерлері командасы иеленді. Екінші орын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің командасына бұйырды. Ал Генералдар командасы турнир жеңімпазы атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов қатысып, спортшыларды жоғары нәтижелерімен құттықтады.
– Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров – халқымыздың мақтанышы, Отанға адал қызмет етудің, ерлік пен табандылықтың жарқын үлгісі. Оның өмір жолы бүгінгі әскери қызметшілер үшін нағыз өнеге. Сондықтан осындай тұлғаның мерейтойына арналған турнирдің ұйымдастырылуы – оған деген құрметтің ғана емес, жас ұрпаққа тағылым берудің де жарқын көрінісі. Спорт – әскери қызметтің ажырамас бөлігі. Ол шыдамдылықты, тәртіпті, ұйымшылдықты қалыптастырып, жауынгерлік рухты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға зор үлес қосады, – деді ол.
Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналған турнир әскери қызметшілер мен ардагерлер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға және әскери-патриоттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Мұндай жарыстар ұрпақтар сабақтастығын бекемдеп, әскери ұжымдардағы бірлік пен жауынгерлік рухты арттыруға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1263649?lang=ru

Жауап қалдыру