
Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Алматы облысы Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылында жаңа өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Жаңа өрт сөндіру бекеті жалпы саны 8 мыңнан астам тұрғыны бар бес елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Шара барысында сөз сөйлеген Шыңғыс Әрінов азаматтық қорғау бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мен өрт сөндіру-құтқару инфрақұрылымын дамыту халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Жаңа өрт сөндіру бекеті тәулік бойы қызмет атқаруға қажетті барлық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда өрт сөндіру техникасына арналған жылы бокс, кезекші ауысымға арналған бөлмелер, байланыс, демалыс және тамақтану орындары, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер, сондай-ақ газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті қарастырылған. Бұдан бөлек, жеке құрамның дене даярлығына арналған «Batyr Team» жаттығу залы жабдықталған.
Нысан демеушілердің қаражаты есебінен салынды.
Салтанатты рәсім барысында ведомство басшысы жаңа өрт сөндіру бекетінің кілтін табыстап, бөлімшеге жаңа өрт сөндіру автоцистернасы мен катердің кілттерін тапсырды. Сонымен қатар іс-шара аясында ТЖМ-нің ведомстволық наградаларымен және облыс әкімінің марапаттарымен құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен ұйым қызметкерлері марапатталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1263668?lang=ru

Жауап қалдыру