Балалардың жазғы демалысы: қауіпсіздік пен сапа басты назарда!

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі республикалық штабтың екінші отырысы өтті. Жиынға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, бүгінгі таңда елдегі 10,8 мың ұйымда 3,2 миллионнан астам бала жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтылған. Оның ішінде жыл бойы және маусымдық жұмыс істейтін 176 орталықта 116 мыңнан астам бала сауықтырудан өтсе, 10,7 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерьлер мен қосымша білім беру ұйымдарында 3,1 миллионнан астам оқушы демалды. Отырыста балалар лагерьлерін лицензиялау мәселесіне ерекше назар аударылды. Биыл алғаш рет білім беру мен сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдар үшін міндетті лицензиялау тәртібі енгізіліп, қауіпсіздік, кадрлық қамтамасыз ету, тамақтандыруды ұйымдастыру, медициналық сүйемелдеу және сауықтыру бағдарламаларының мазмұны бойынша бірыңғай талаптар бекітілді. Қазіргі уақытта 64 орталық тиісті лицензия алды, тағы 45 өтінім қаралу үстінде.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы хабарлады. Бүгінгі таңда санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға 189 өтініш түсіп, оның 180-і бойынша оң шешім берілді, сондай-ақ рұқсат берілер алдында әрбір нысанда ауызсуға, бассейн суына, жағажайдағы құм мен топыраққа міндетті зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Ал Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев жазғы маусым басталғанға дейін ведомство әкімдіктермен бірлесе 220 балалар лагеріне тексеру жүргізгенін баяндады. Нәтижесінде 78 сауықтыру ұйымынан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 756 жағдайы анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар отырыста маусымның алғашқы апталарында тіркелген төтенше оқиғалар да жеке қаралды, барлық жағдайда мемлекеттік органдардың іс-қимылы уақтылы үйлестіріліп, балалар жедел түрде қауіпсіз орындарға көшірілгені және қажетті медициналық сүйемелдеу ұйымдастырылғаны атап өтілді.

Отырысты қорытындылаған Аида Балаева халық арасында жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмысын белсенді жүргізуді, санитариялық-эпидемиологиялық, өртке қарсы және қоғамдық бақылауды күшейтіп, экскурсиялар мен басқа да іс-шаралар кезінде балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары күн райының аномальды ыстық болуына байланысты барлық жауапты органдардың жұмысын күшейтуді, әсіресе балаларға берілетін тамақ сапасын тұрақты әрі қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-bala/press/news/details/1263679?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді