Премьер-министрдің бірінші орынбасары ШҚО-дағы бірқатар маңызды нысанды аралады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында әуелі аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановпен бірге Риддер жылу электр орталығында болып, алдағы жылыту маусымына дайындық барысын тексерді.

1956 жылы пайдалануға берілген Риддер ЖЭО-да №5 және №6 қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу жасалып, ұзындығы 3,3 шақырым жылу желілері жаңартылып жатыр. Жөндеу жұмыстарының жалпы құны 2,6 млрд теңгені құрайды. Оның 1,8 млрд теңгесі ҚР Үкіметінің резервінен бөлінген. Бүгінде кәсіпорында 400-ден астам адам жұмыс істейді.

«Шығыста қыс ерте түсетіндіктен жылыту маусымына дайындық барлық талаптарға сай жүргізілуі тиіс. Басты міндеттеріміздің бірі – жылыту маусымын ешқандай ақаусыз, апатсыз өткізу. Себебі бұл мәселе Мемлекет басшысының назарында, Үкімет басшысының қатаң бақылауында тұр», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Бүгінде Риддер ЖЭО 21 мыңнан астам тұтынушыны жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етеді.

Одан соң ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары «Казцинк» компаниясының Долинный кенішінің және BearLog демалыс базасының жұмысымен танысты.

Кеніште жерасты жұмыстарын жүргізу кезінде қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктері және өндірістегі тәуекелдерді азайту үшін қолданылатын заманауи техникалар таныстырылды.

2017 жылы пайдалануға берілген бұл өндіріс орнында 450-ден астам адам еңбек етеді. Кәсіпорында өндірісті автоматтандыруға басымдық берілген. Кеніштің жобалық өндірістік қуаты жылына 890 мың тонна полиметалл кенін құрайды. Жалпы қоры 8,4 млн тоннаға бағаланады.

BearLog демалыс базасы осы жылдың қаңтар айында пайдалануға берілген. 80 орынға есептелген кешеннің жалпы аумағы – 14 269 шаршы метр.

«Бұл жерге шаңғы мен сноубордты арнайы дайындалмаған беткейлерде тебуді ұнататын фрирайд әуесқойлары келеді. Оның ішінде Еуропа елдерінің туристері де бар. Осындай нысандарды дамыту Шығыс Қазақстан облысының туристік әлеуетін арттырып, Риддерді еліміздегі жыл бойы белсенді демалыс ұйымдастырылатын маңызды орталықтардың біріне айналдыруға ықпал етеді», – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Ары қарай жұмыс сапары Өскеменде жалғасты. Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы теміржол вокзалы, жолайрық, жылу қазандығы және тұрғын үй құрылысы нысандарын аралады.

Жалпы құны 2,4 млрд теңгені құрайтын «Өскемен-1» теміржол вокзалын қайта жаңғырту жобасы өткен жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жаңғырту аяқталғаннан кейін вокзалдың аумағы 858 шаршы метрден 1 864 шаршы метрге дейін, яғни екі еседен астам ұлғаяды. Мұнда заманауи күту залдары, жолаушыларға арналған жайлы орындар жасалып, инженерлік желілер толық жаңартылады және вокзал маңы абаттандырылады.

Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының дайындық деңгейі 85 пайызды құрайды. Нысанды келесі айдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Одан кейін Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өскемендегі Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысында салынып жатқан екі деңгейлі жолайрықтың құрылысымен танысты. Жоба аясында заманауи екі деңгейлі жолайрық салынып, бұл облыс орталығындағы ең қарқынды қозғалыс учаскелерінің бірінің өткізу қабілетін арттыруға, жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсартуға және жүргізушілердің жол жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Құрылысты осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жұмыс сапары аясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Шығыс Жылу» АҚ-ның №2 қазандығында болып, алдағы жылыту маусымына дайындық барысымен де танысты.

Кәсіпорын басшылығы жөндеу науқанының барысы, жабдықтардың техникалық жай-күйі және тұтынушыларды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Одан соң Нұрлыбек Нәлібаев Өскеменнің сол жағалау бөлігіндегі даму қарқыны мен тұрғын үй құрылысының барысымен танысу мақсатында «Нұрлы жол» шағынауданына барды. Бүгінде бұл – облыс орталығындағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан ең ірі шағын аудандардың бірі. Мұнда ондаған көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген.

Сонымен қатар облыстық драма және оперетта театры, оңалту орталығы, Назарбаев Зияткерлік мектебі, жалпы білім беретін мектеп салынды. Қазіргі уақытта хоккей модулінің құрылысы аяқталуға жақын. Алдағы уақытта осында жаңа балабақшалар, мектептер, емхана және өрт сөндіру депосын салу көзделген. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары жаңа тұрғын үйлердің құрылыс мерзімі мен сапасын қатаң бақылауда ұстаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

«Бұл – өте қолайлы аудан. Жанында мектеп, балабақша, спорт кешені мен саябақ бар. Ең бастысы, тұрғын үйлерді қыркүйек айына дейін уақтылы пайдалануға беру. Құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуын қатаң қамтамасыз ету қажет», – деді ол қала әкімдігі мен облыстық басқармалар өкілдеріне.

Сондай-ақ Үкімет басшысының бірінші орынбасары Катонқарағай ауданында Президент тапсырмасымен салынып жатқан әуежай құрылысын бақылады. Мердігер мекеме – «Элхон» ЖШС. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстарының 64 пайызы орындалған. Ұшу-қону жолағының, рульдеу жолының және перронның негізгі бөлігінде жұмыстар аяқталған. Бүгінде ұшу-қону жолағының шамамен 700 метрінде және перрон мен рульдеу жолының үстіңгі қабатын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Терминал мен қосалқы ғимараттардың құрылысы жалғасуда.

«Жоба Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқандықтан сапаға баса мән беріңіздер. Бұл әуежай Қатонқарағайдың ғана емес, еліміздің көлік инфрақұрылымындағы маңызды нысандардың біріне айналмақ. Құрылыс қарқынын күшейтіп, жұмысшылар санын арттыру қажет. Бірінші желтоқсанға дейін барлық жұмыс толыққанды аяқталуы тиіс. Асфальттау, бетондау және инженерлік коммуникациялар қыркүйекке дейін толық аяқталсын. Ал ғимараттардың іші жылы болғаннан кейін әрлеу жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік болады», – деп тапсырды Нұрлыбек Нәлібаев мердігер компанияның басшылығына.

Бұдан бөлек, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары «Катонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі экологиялық туризмді дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңеске қатысты. Соның барысында бірқатар жобалар таныстырылды. Оның бірі – «Pana Katon Karagay» жобасы болды. Соның аясында 70 шаршы шақырымды құрайтын жаңа туристік кенттің құрылысы басталмақ. Жоба нәтижесінде 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Ал «ULAR PARK» туристік кешені жобасы шеңберінде 13 капсуладан тұратын жазғы қонақүй құрылысы биыл аяқталса, 3 млрд теңгеге салынатын 150 адамға арналған қысқы қонақүй 2028 жылы салынып бітеді.

Бұл жобаны қолға алған «ULAR PARK HOTEL» ЖШС Берел мен Аршаты ауылдарының арасына 1,5 млрд теңгеге электр беру желісінің, жол және көпір құрылысын жүргізген. Үкімет басшысының бірінші орынбасары әр жоба әдемі сөз күйінде қалмай, іс жүзінде іске асуы тиістігін, осы көшпелі кеңесті өткізудегі мақсаттың да туризмді дамытуға серпін беретін ұсыныстарды іріктеп, қолдау көрсету екендігін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1263672?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді