
Париж, 2026 жылғы 27 шілде – Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Мартен Бриенспен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы нығайтылған стратегиялық әріптестіктің қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту мәселелерін талқылап, екіжақты, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар, сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Энергетика, өнеркәсіп, көлік, авиация, туризм, су ресурстарын басқару және орнықты даму салаларында Францияның жетекші компаниялары қатысып жатқан бірлескен жобалардың табысты жүзеге асырылып жатқаны және өзара іс-қимылдың оң қарқынмен дамып келе жатқаны атап өтілді.
Сондай-ақ тараптар екіжақты шарттық-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін қарастырды.
Мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту аясында тараптар биылғы күзде Парижде өтетін Қазақстанның Франциядағы мәдениет күндерін құптап, бұл іс-шаралардың екі ел халықтарын жақындастыруға және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге елеулі үлес қосатынын атап өтті.
Сұхбаттастар Біріккен Ұлттар Ұйымы және өзге де халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығын растап, халықаралық гуманитарлық құқық қағидаттарын ілгерілету мен тиімді көпжақты дипломатияны нығайту бағытындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға және өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша тұрақты саяси диалогты жалғастыруға бейілді екендіктерін қуаттады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-paris/press/news/details/1264614?lang=ru

Жауап қалдыру