
Шығыс Қазақстан облысындағы сотталған Алматыдан қару-жарақ жасырылған орынды анықтауға көмектесті
Алматы қаласында 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары кезінде жасырылған болуы мүмкін қару-жарақ қоймасы анықталды.
Жасырын орын туралы ақпарат Шығыс Қазақстан облысында жазасын өтеп жатқан сотталғанмен жүргізілген жедел жұмыс барысында алынған.
Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы қару-жарақ жасырылған орын ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №22 мекемесінің жедел бөлім қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҰҚК департаментінің 5-басқармасы және Мамандандырылған прокуратураның үйлестіруімен анықтады.
Оқиға орнын тексеру барысында жасырын орыннан тегіс ұңғылы аңшылық мылтық пен оқ-дәрілер тәркіленді. Қазіргі уақытта сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Құқық қорғау органдары қарудың шығу тегін және оны жасырған тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізуде.
— Жылдар өтсе де жедел-іздестіру жұмыстары өз нәтижесін беруде. Сотталғандармен жүргізілген жұмыс барысында алынған мәліметтер өткен жылдардағы қылмыстарды ашуға, қару-жарақ жасырылған орындарды анықтауға және қоғамдық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерлердің алдын алуға ықпал етеді. Бұл қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылдағы күнделікті жұмысының маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдейді, — деді ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duis-vko/press/news/details/1263804?lang=ru

Жауап қалдыру