
Талдықорғанда «Family Fest – 2026» отбасылық фестивалі өтті
Бүгін Талдықорған қаласының жағажайында «Family Fest – 2026» отбасылық фестивалі өтіп, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады. Жазғы мерекелік кешке жүздеген қала тұрғыны қатысып, көтеріңкі көңіл күй мен ерекше атмосфераға куә болды.
Фестиваль балаларға арналған көңілді бағдарламамен басталды. Кішкентай қонақтар «TikTok Show», су шашу ойындары мен түрлі ойын-сауықтарға белсене қатысып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар, іс-шара аясында отбасылық квест, спорттық эстафеталар, караоке батл және би батл ұйымдастырылды. Белсенділік танытып, үздік нәтиже көрсеткен отбасылар арнайы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
Мерекелік кеш барысында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздарына құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табысталды.
Фестивальдің ең әсерлі сәттерінің бірі – егіздер шеруі болды. Шеруге қалада тұратын егіздер, үшемдер және төртемдер қатысып, көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Жалпы саны 40 жұп егіз мерекенің сәнін келтірді. Олардың ішінде небәрі 6 айлық егіз сәбилер де, 18 жастағы Еркін ауылынан келген егіздер Аман мен Есен де болды.
Кеш соңында қала тұрғындарына арналып ұйымдастырылған «ZUM PARTY» диско кеші фестивальдің жарқын қорытындысына айналды. Заманауи әуендер, би және көтеріңкі көңіл күй мерекеге жиналған жұртшылыққа ерекше әсер сыйлады.
Талдықорған қаласының тұрғыны Айгүл Нұрланқызы:
«Осындай отбасылық мерекелердің ұйымдастырылып жатқаны өте қуантады. Балаларымыз күні бойы асыр салып ойнап, түрлі байқауларға қатысты. Ал кешкі концерт пен диско барлығымызға ерекше көңіл күй сыйлады. Осындай мазмұнды іс-шаралар көбейе берсе екен деген тілегіміз бар. Ұйымдастырушыларға үлкен рақмет!»
Осындай игі шаралар қоғамдағы отбасы құндылықтарын дәріптеп, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, сондай-ақ қала тұрғындарының бір-бірімен етене араласуына мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1264191?lang=ru

Жауап қалдыру